ОРАЗАХЫНОВА НҰРШААЛЖАНБАЙҚЫЗЫ
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор. Ы.Алтынсарин медалінің иегері.
Оразахынова Нұрша Алжанбайқызы 1957 жылдың 6 қарашасында Алматы облысы, қазіргі Райымбек ауданы, Бөлексаз аулында дүниеге келді.
1964-1974 жж. орта мектепті бітірген. 1976-1980жж. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында білім алып, институтты үздік дипломмен бітіріп шықты.
1980-1981оқу жылында Алматы қаласында №63 орыс мектебінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі.
1982-1987жж. Атырау облысы, Жылой ауданы, Ақкиізтоғай орта мектебінде мұғалім болып қызмет атқарды. 1987жылы өзі бітірген институтқа стажер-зерттеуші. 1988жылы аспирант болып қабылданды.
1993 жылы мамыр айында “Пәнаралық байланыс – оқу-тәрбие процесін жетілдірудің бір жолы” (қазақ тілі пәнін оқытуда) атты кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты. Одан кейінгі жылдары өзі оқыған института оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор болды.
1998-2003 жж.Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында қазақ және шетел тілдер кафедрасын басқарды. 2000 жылдан ҚР Кіші ғылым академиясының вице-президеті. 2003жылдан бастап Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне аға ғылыми қызметкер болып тағайындалды.
2003 жылы Білім және ғылым министрлігінің ұйғарымымен Монғолияның Баян өлгей аймағының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне “Сатылай кешенді талдау” технологиясы бойынша арнайы курс өткізіп қайтты. Мұндай курстар жергілікті жерлердің білім департаменттері және білім жетілдіру институттарының арнайы шақыруымен республикамыздың Маңғыстау, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Ақтөбе облыстарында және Астана қаласында өткізілді. Сонымен қатар жаңа буын 10-сынып жаратылыстану-математика бағытына арналған қазақ тілі оқулығының және оқу кешендерінің авторлар тобының жетекшісі.
2006-2007 жж. маусым айына дейін Алматы облыстық мамандар кәсібін дамыту институты директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары, ал маусым айынан бастап осы институт директорының міндетін атқарушы болып қызмет жасады. Оның да өзіндік себебі бар еді. Атап айтар болсақ: біріншіден, 15 жылдан астам уақыттан бері институт қабырғасында үздіксіз тұрақты лектор болып жұмыс істеді; екіншіден, қазіргі Ш.Смағұлов атындағы №1 Алматы облыстық мектеп-интернатында жұмыс жасап, ғылымға жаңалық етіп енгізген “Сатылай кешенді оқыту” технологиясы бойынша тәжірибе жұмысын 12 жыл бойы жүргізді. Сол аралықта облыстың әр ауданынан келіп оқыған 200 балаға білім берген. Олардың барлығы жоғары оқу орнының грантына ие болып, бүгін де алғашқылары ғылым жолына түсіп, ғылым кандидаттары атанып отыр.
2007 жылдыңжелтоқсан айында «Жалпы білімберетін орта мектепте қазақ тілін сатылай кешенді талда утехнологиясымен оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» атты тақырыптағы докторлық диссертациясын сәтті қорғап шығып, 2008 жылдың 30 мамырында докторлық атаққа ие болды.
2008 жылдың қыркүйегінен бастап бүгінгі күнге дейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қазіргі қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасында профессор болып қызмет атқарады. Бүгінгі күнге дейін 170-ға жуық ғылыми-әдістемелік еңбектері мен мақалалары жарық көрген.
2013 жылы"Ы. Алтынсарин" төсбелгісімен марапатталды. 2014 жылдың наурызайынан бастап Рессей жаратылыстану ғылымдар акдемиясының корреспондет-мүшесі.2015 жылдың ақпан айынанРайымбек ауданының«Құрметті азаматы». Бүгінгі таңда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Филология институты қазақ тілі теориясы мен әдістемесі кафедрасында профессор болып қызмет атқарумен қатар:
2013-2014 оқу жылынан бастап, Астана қаласындағы № 8 жалпы орта білім беретін мектеп, № 4 мектеп-гимназия, № 66 мектеп-лицей және № 71 «Мөлдір» балабақшасының мектепалды даярлық тобы; 2014-2015 оқу жылынан бастап, Астана қаласындағы № 74 мектеп-гимназиясы, Алматы облысы, Талғар ауданы, №49 жалпы орта білім беретін мектеп;2016-2017 оқу жылынан бастап, Астана қаласындағы № 55 жалпы орта білім беретін мектеп, №52 мектеп-гимназиясы, №59 «Аққанат» балабақшасының мектепалды даярлық тобы, Талғар ауданы №11, №12 және №15 жалпы орта білім беретін мектептер, Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы Қ.Мырзалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектеп; Казталов ауданы Тереңкөл жалпы орта білім беретін мектеп; Орал қаласы №47 жалпы орта білім беретін мектептеріндегі жүргізілетін тәжірибелік алаң жұмыстарына жетекшілік етуде.
Білім басқармаларының келісімімен жыл бойы үздіксіз жұмыс жасалуда. Соның нәтижесінде мына төмендегідей жұмыстар атқарылып келді:
«Білім беру жүйесін жетілдіру: білікті ұрпақ тәрбиелеудегі «Сатылай кешенді талдау» технологиясының рөлі»(Алматы қаласында 2010 жылы – бірінші форум); «Үздіксіз білім беру моделі арқылы мұғалім құзыреттілігін қалыптастырудағы «Сатылай кешенді талдау» технологиясының рөлі»(Тараз қаласында 2011 жылы – екінші форум);«Н.А.Оразахынованың «Сатылай кешенді талдау» технологиясы – әлемдік білім беру аясында енудің мүмкіндігі»(Астана қаласында 2012 жылы – үшінші форум);«Білім алушылардың функционалдық сауаттылығын жүзеге асырудағы «Сатылай кешенді талдау»технологиясының тиімділігі»(Астана қаласында 2013 жылы – төртінші форум);«Сатылай кешенді талдау»технологиясы – заманауи білім берудің кепілі»(Астана қаласында 2014 жылы – бесінші форум);«Сатылай кешенді оқыту» технологиясының адами капиталды дамытудағы рөлі»(Астана қаласында 2015 жылы – алтыншы форум);«Сатылай кешенді оқыту» технологиясы – тұлға қажеттіліктерін қанағаттандырудың тиімді жолы»(Алматы қаласында 2016 жылы– жетінші форум).
1999-2000 оқу жылынан бастап ҚР Кіші ғылым академиясының басшылығымен «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты оқушылардың республикалық ауызша командалық олимпиадалары өткізіліп келеді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі әр оқу жылы қарсаңында бекітіп, қолданысқа рұқсат етілген оқулықтардың бірі – қазақ тілі пәні оқулығының автор жетекшісі. Бұл – жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану-математика бағытындағы 10-сыныбына арналған негізгі «Қазақ тілі. Сөз мәдениеті» оқулығы («Мектеп» баспасы, 2014 жыл, үшінші басылым).
Бұл технологияны бүгінгі таңда еліміздің көптеген алдыңғы қатарлы теориялық білімдері жетік, еңбекқор, жаңашыл ұстаздары мен тәрбиешілері балабақшадан бастап өз тәжірибесіне енгізіп, нәтижелі жұмыс жасауда. Оған қоғамдық негізде ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен және ҚР Кіші ғылым академиясы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, филология институтымен Астана қаласы, Алматы облысы, Талғар ауданының Білім басқармасының ұйымдастыруымен бірнеше жылдан бері өткізіліп келе жатқан мұғалімдердің форумы мен оқушылардың республикалық ауызша командалық олимпиадалар куә. Сондай-ақ өткен оқу жылында алғаш рет Батыс Қазақстан облысында облыс басшыларының қолдуымен алғаш рет «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының облыстық ауызша командалық олимпиадасы өтті.
Өткен, яғни, 2016-2017оқу жылында 14-15 мамыр күндері Астана қаласында өткен «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының теориялық негізі – Алаш арыстарының педагогикалық ой-тұжырымдары» атты форум мен ҚР Кіші ғылым академиясының «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша өткен ХVII республикалық ауызша командалық олимпиадасы білім сапасы мен мұғалімдердің шығармашылық әлеуетінің жоғары дәрежеде қалыптасып келе жатқандығының нақты дәлелі. Олимпиадаға еліміздің түкпір-түкпірінен 350-ге тарта оқушы, ал форумға 150-ден астам мұғалім қатысты. Олимпиаданың қорытындысын саралаған жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорларынан құралған қазылар алқасы аталмыш технологиямен білім алған оқушылардың білім деңгейі жоғары екендігін атап, оң баға берді.
Үстіміздегі жылдың 29 мамырында өткен «Алаш арыстарының педагогикалық ой-тұжырымдарының «Сатылай кешенді оқыту» технологиясымен үйлесімділігі» атты конференцияда сөйлеген мұғалімдер мен форумға қатысушы жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлары және әр өңірден келген тәжірибелі үздік ұстаздар Н.А.Оразахынованың «Атаулы мектебін» ашуға ұсыныс жасады. Мектептің түпкі мақсаты– бәсекеге қабілетті, Алаш мұраларын іске асыратын, ұлттық құндылықтарды білім алушылардың бойына сіңіретін шынайы ұлттық мектеп қалыптастырды.
МАТЫЖАНОВ КЕНЖЕХАН ІСЛӘМЖАНҰЛЫ
Филология ғылымдарының докторы, профессор. “Құрмет” орденінің иегері.
Матыжанов Кенжехан Ісләмжанұлы1957 жылы туған. Абай атындағы Қазақтың педагогикалық институтының филология факультетін (1978), аспирантурасын (1985) тәмамдаған.
Филология ғылымдарының докторы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.
“Құрмет” орденінің «Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығы», «Астананың он жылдығы», «Қазақстан Республикасы Ассамблеясының 20 жылдығы”, “Тәуелсіздіктің 25 жылдығы” сияқты мерекелік медальдардың иегері.
Еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысында мұғалімдіктен бастап, 1986 жылдан Ұлттық ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының фольклор бөлімінде ғылыми жұмыстармен айналыса жүріп, республикалық баспасөз беттерінде әдебиет тарихы мен сынына, фольклор мен этнография мәселелеріне қатысты мақалаларымен танылған.
1990 жылы «Қазақтың фольклорлық балалар поэзиясы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. Бұл - қазақ балалар фольклорына арналған алғашқы ғылыми зерттеу болды. Онда қазақ балалар фольклоры жинақталып, ғылыми жүйеде зерделеніп, жанрлық сарасы жасалып, поэтикалық ерекшеліктері, балалар этнографиясымен, халық педагогикасымен сабақтастықта қарастырылады.
1990-1992 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінде ғалым-хатшы, Абай атындағы Қазақтың педагогикалық институтында доцент болып қызмет істейді.
1992 жылы Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер кабинеті Аппаратына қызметке қабылданады.
1993 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Тіл комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалады.
1995-1999 жылдар аралығында Қазақстан республикасы Ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитетте мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Үкіметі аппаратының әлеуметтік-мәдени даму бөлімінде тіл саясаты жөніндегі кеңесші, Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің тіл саясатын үйлестіру департаменті директорының орынбасары, Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Тілдерді дамыту департаментінің бөлім бастығы қызметтерін атқарған.
Осы жылдары біртұтас мемлекеттік тіл саясатының қалыптасуына белсене араласып, елеулі үлес қосты. Қазақстан Республикасының тіл заңының, тіл саясатының тұжырымдамасын, Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жасауға ат салысты. Мемлекеттік терминологиялық және ономастикалық комиссиялардың тұрақты мүшесі болды.
1999-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұражайы директорының ғылым жөніндегі орынбасары, 2002-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті мұражайының директоры қызметтерін атқарды. Қазақстандағы мұражай ісіне қатысты бірқатар проблемалық мақалалар жариялады.
2005 жылдан бастап Алматы қалалық әкімдігінде Мәдениет департаменті директорының орынбасары, кейіннен Тілдерді дамыту басқармасының бастығы;
2010 жылдан Ішкі саясат басқармасының бастығы қызметтерін атқарды.
2012-2016 жылдары «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
2016 жылдан ҮІ сайланған Алматы қалалық Мәслихатының депутаты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің “Рухани жаңғыру” ғылыми-инновациялық орталығының ғылыми жетекшісі.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің Бақылау кеңесінің мүшесі.
Кенжехан Ісләмжанұлы қазақ фольклоры мен әдебиетінің, мәдениет тарихының, этнология, музейтану, тіл саясаты мәселелеріне арналған жүздеген ғылыми, ғылыми көпшілік мақалалардың авторы. Қазақ балалар фольклорына арналған «Рухани уыз» атты монографиясы халық педагогикасының оқулығы ретінде жұртшылық арасында үлкен сұранысқа ие. «Ақ сандық, көк сандық», «Тал бесіктен жер бесікке дейін», «Абылай», «Ел қазынасы - ескі сөз», «Алтын сандық» сияқты фольклорлық жинақтардың, «Үйлену тойы», «Той бастар, жар-жар», «Киелі жерлер», «Асыл сөз аталары», «Қазақтың зергерлік бұйымдары», «Қазақтың үй жиһаздары» атты балаларға арналған кітапшалардың, 6-сыныпқа арналған «Әдебиет» оқулығының авторы. Швейцариялық ғалым, Бүкіләлемдік Давос экономикалық форумының негізін салушы әрі тұрақты президенті Клаус Швабтың “Төртінші индустриялық революция”, Американдық жазушы Олег Гриннің “Билік баспалдақтары немесе құдіретті болудың 48 қағидасы”, Жапондық өнертапқыш Масару Ибуканың “Уыз тәрбие – үш жас” сияқты әлемге танымал еңбектерді қазақша сөйлеткен.
2004 жылы «Қазақтың отбасылық ғұрып фольклоры» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. Онда қазақтың отбасылық ғұрып фольклоры тұтас құбылыс ретінде қарастырылып, жанрлық жүйесі, поэтикалық ерекшеліктері тұңғыш рет кешенді зерттеледі. Осы салада ұзақ жылдар бойы ізденген ғалымның «Отбасылық ғұрып фольклорының көркемдік ерекшеліктері», «Фольклордың ғұрыптық негіздері», «Үйлену ғұрып фольклорының жанрлық сипаты», «Ғұрыптық фольклордың поэтикалық құрылымы», «Отбасылық ғұрып фольклорының этнографиялық бастаулары», «Миф пен метафора», «Фольклордағы формулалылық жөнінде» сияқты зерттеулері жарияланған.
Негізгі еңбектері: «Рухани уыз». Монография. (1995, 2008), «Алтын сандық»(1996), «Тал бесіктен жер бесікке дейін (1996), «Ел қазынасы ескі сөз» (1997), «Қазақтың отбасы фольклоры». Монография (2007), сонымен қоса жүзден астам, ғылыми, ғылыми-көпшілік мақалалардың авторы. Аудармалары: Клаус Шваб “Төртінші индустриялық революция”, Олег Грин “Билік баспалдақтары немесе құдіретті болудың 48 қағидасы”, Масару Ибука “Уыз тәрбие – үш жас” т.б.
ӘЛМЕТОВА ӘСИПАТ САУЫТБЕКҚЫЗЫ
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор. Абылайхан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем тідері университетінің қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі.
Ә.С.Әлметова 1958 жылы туған. Абай атындағы Қазақ Педагогикалық институтын (қазіргі ҚазҰПУ) 1978 жылы үздік дипломмен бітірген. 1996 жылы «Көп мағыналы сөздер мен омонимдерді оқыту» тақырыбында кандидаттық, ал 2007 жылы «Қазақ тілі сабағында студенттердің сұхбаттық тілдесім мәдениетін қалыптастырудың ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.
Ә.С.Әлметова 1996 жылдан бері Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетінде жұмыс істейді. Университеттегі өзінің еңбек жолын оқытушылықтан бастаған ол көп ұзамай қазақ филологиясы кафедрасының аға оқытушысы, доценті қызметтерін атқарды. Ал қазір - университет профессоры, қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі.
Ә.С.Әлметова шебер ұйымдастырушы ғана емес, кәнігі ғалым да. Ол - екі монографияның, бірнеше оқулық пен оқу құралдарының, оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Оның «Көп мағыналы сөздер мен омонимдерді оқыту» (1996) , «Сұхбаттасу мәдениеті»(2007 деп аталатын екі монографиясы және өзге тілді дәрісханадағы «Қазақ тілі» курсы үшін төрт деңгейге (Қазақ тілі» - бастапқы деңгей үшін (2005), «Қазақ тілі» - негізгі жеткілікті деңгей үшін (2013), «Қазақ тілі» - негізгі стандартты деңгей үшін 2014), «Қазақ тілі» - негізгі стандарттан жоғары деңгей үшін 2015) арналған оқулықтары жарық көрген. Оқулықтар қатысымдық-жағдаяттық және қатысымдық әдіс-тәсілдер негізінде жазылып, оқыту үрдісіне танымдық-лингвомәдениеттанулық тұрғыдан келу ұстанымын басшылыққа алған. Бұл оқулықтар жаңа заман оқулықтарына қойылатын талаптарға толық жауап бере алатындығымен ерекшеленеді, себебі шетел тілдерін (ағылшын, түрік, орыс) өзге тілді дәрісханада оқыту әдістемесін негізге ала отырып, шетел тілдерін оқып-үйрену талаптарына сүйеніп жазылған. Оқулықтарға ҚР БҒМ-нің грифы берілген.
Ә.С.Әлметованың ерекше бөліп айтуға тұратын оқу құралы ол – «Лингвомәдениеттану негіздері» деп аталады. Бұл оқу құралы қазіргі тіл білімі ғылымының антропоцентристік бағытына арналып жазылған.
Оқу құралында лингвомәдениеттанудың пән ретіндегі мәртебесі мен зерттеу объектісі талқыланады. Мұнда мәдениет пен тіл сияқты – екі іргелі ғылыми ұғымның бір-біріне әсер ету өрісі мен ықпал ету механизмдерін айқындап алу мәселесі және оны түсініп меңгеру жолдары қарастырылады. Басқаша айтқанда, оқу құралы лингвистикалық мәдениеттану мәселелеріне арналады. Оқу құралындағы мәдениет ұғымына жасалған лингвистикалық талдаулар оның мағынасын кеңейтіп тереңдетумен бірге, мәдениет ұғымының өзін де жан-жақты түсінуге және этнотіл мәселесіне терең бойлауға ықпал етеді. «Лингвомәдениеттану негіздері» оқу құралына ҚР БҒМ-нің грифы берілген.
Сондай-ақ Ә.С.Әлметова - төрт оқу-әдістемелік құралдың да авторы. Олар («Қазақ тілінен өздік жұмыс түрлерін ұйымдастыру және жүргізу» (2004), «Сөйлеу әрекеттері түрлеріне оқыту» (2007), «Австриялық үлгідегі тест тапсырмаларының жинағы» (Практикалық қазақ тілі мен кәсіби қазақ тілі үшін) (2016) деп аталады.
Ә.С.Әлметованың басшылығымен кафедрада бірнеше оқу-әдістемелік кешендер мен типтік оқу бағдарламалары жарық көрген. Ол - кредиттік оқу технологиясы басталған кезде алғашқылардың бірі болып, қазақ тілінің практикалық курсы бойынша Силлабус жазған маман. Еңбек «Өзге тілді дәрісханадағы қазақ тілі курсына арналған жаңа типтегі оқу бағдарламасы (СИЛЛАБУС)» деп аталады. Бұл еңбек 2004 жылы шыққан. Содан кейін 2016 жылы екі Типтік оқу бағдарламасы жарық көрді. Олар: Типтік оқу бағдарламасы (Жоғары білім) 5В021000 – Шетел филологиясы (бакалавриат мамандығы бойынша) үшін және Типтік оқу бағдарламасы (Жоғары білім) 5В011900 –Шетел тілі: Екі шетел тілі (бакалавриат мамандығы бойынша) үшін деп аталады.
Ә.С.Әлметова - 100-ге жуық ғылыми еңбектің де авторы. Оны 2 монография, 4 оқулық, 1 оқу құралы, 4 оқу-әдістемелік құрал, бірнеше оқу-әдістемелік кешендер, типтік оқу бағдарламалары және 80-нен астам ғылыми мақалалар құрайды. Барлық еңбектері бір тақырыпқа - қазақ тілін өзге тілді дәрісханада оқытудың әдістемелері - мәселесіне арналған. Барлық ғылыми еңбектері де, кафедрада жүргізіп келе жатқан жұмыстары да қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне тиімді оқыту жолдарын мақсат етеді.
Ә.С.Әлметова республикалық, халықаралық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік, ғылыми-әдістемелік конференцияларға үзбей қатысып, белсенділік көрсетіп келеді. Ол Румыния мен Черногорияда, Ресейде өткен халықаралық конференцияларға қатысып, баяндамалар жасады. Оның мақалалары шетел ( Англия, Румыния, Черногория, Үндістан) мен ТМД елдері ( Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан) басылымдарында жарық көрген. Ә.С.Әлметова білімін жетілдіру мақсатында тағлымдамалардан да өтіп тұрады. Ол тілді шетел тілі ретінде оқыту курсы бойынша 2010 жылы Петербургте (екі апталық), 2015 жылы Анкарада (үш апталық ) білімін жетілдіру курстарынан өткен.
Ә.С.Әлметова - 2009 жылғы «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» грантының иегері, Университеттің Ғылыми Кеңесінің мүшесі. Ғалым - 2008-2009 оқу жылынан бері университеттегі диссертациялық Кеңестің де мүшесі.
Ә.С.Әлметова 2008-2011 оқу жылдары аралығында университеттегі оқытушылардың білімін жетілдіру институтының директоры қызметінде болды. 2012-2013 оқу жылынан бастап Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-нің қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі.
Ә.С.Әлметова - "Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгісімен және педагогика саласындағы үздік ғылыми зерттеулері мен оқыту саласындағы еңбектері үшін "Ы. Алтынсарин" атындағы төсбелгімен марапатталған.
Ә.С.Әлметова - жауапкершілігі мол, талапшыл, білікті маман. Ол - педагогикалық тәжірибесі мол, кемеліне (40 жыл) келген маман. Соған қарамастан ол өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаумен (тағлымдамадан өту, шетел мамандарының лекциясын тыңдау, әдістемелік басылымдарда жариялану және оларды үзбей оқу) үнемі айналысып келеді. Бұл оның жаңашыл сабақтарынан, жаңашыл оқу бағдарламаларынан көрініс табуда.
Ә.С.Әлметова - оқытушылар мен студенттер арасында беделді.
БЕРДІМҰРАТОВ БАУЫРЖАН ҚАМБАРҰЛЫ
«Қазақстан» РТРК» АҚ ОҚОФ Бас директоры.
1974 жылы 4 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданында дүниеге келген. 1991-1995жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетін филология мамандығы бойынша білім алған. 2008 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің «Экономика және басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында редакторлықтан бастап, басшылық қызметке дейін еңбек еткен. 1995-1998 жылдары Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті «Қазақ тілі» кафедрасында аға оқытушы болып қызмет атқарған.
2000 жылы «Рахат-тв» ТТ ЖШС редактор. 2009 жылы «Рахат-тв» ТТ ЖШС (СТВ)бас редактордың орынбасары. 2010-2015 жылдары директор-бас редактор . 2016 -2018 жылдары ОҚО әкімінің баспасөз қызметі жетекшісінің орынбасары. 2018 жылдың 23 ақпанынан бастап, «Қазақстан»РТРК» АҚ Оңтүстік филиалының директоры.
2008 жылы «10 жыл Астана»медалі. 2011 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 20 жыл және Холдинг 5 жылдығына арналған «Агро-PR» байқауының жеңімпазы. 2013 жылы ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігі Құрмет грамотасы. 2017 жылы ОҚО әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
ЖҰБАЕВА ОРЫНАЙ САҒЫНҒАЛИҚЫЗЫ
Филология ғылымдарының докторы, профессор. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімін институтында бөлім меңгерушісі.
Жұбаева Орынай Сағынғалиқызы 1970 жылдың 22 тамызында Атырау облысы Дендер ауданы Дендер поселкесінде туған. 1977-1987 жылдар аралығында М.Әуезов атындағы орта мектепте оқыған. 1987-1989 жылдары М.Өтемісов атындағы Атырау драма театрында жұмыс істеген. 1989-1994 жылдары Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінде филология факультетінің«қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқыған. 1994-1995 жылдары С.Аспандияров атындағы Қазақ медицина университетінің қазақ тілі кафедрасында, 1995-1996 жылдары Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде жұмыс істеген. 1998-2001 жылдары А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімін институты аспирантурасының күндізгі бөлімінде оқыған. 2002 жылдың 1 наурызында ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рәбиға Сыздықтың жетекшілігімен «Қ.Кемеңгерұлының тілтанымдық мұрасы мен лингвистикалық тұжырымдамалары» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. 2002-2007 жылдары А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімін институты Грамматика бөлімінің кіші, аға ғылыми қызметкері, 2007 жылдан бастап бөлім меңгерушісі болып қызмет етіп келеді. 2010 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор З.Қ.Ахметжанованың ғылыми кеңесшілігімен «Қазақ тілі грамматикалық категорияларының антропоөзектілігі» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Ғылыми жұмыстарға тақырып жетекшісі, орындаушы ретінде қатысып келеді.
Функционалдыграмматика, когнитивті грамматика, қазақ тіл білімінің тарихы, морфология, коммуникативті синтаксис саласында еңбек етіп жүрген О.Жұбаева – 2 монография (Қазақ тіл білімінің қалыптасып, даму жолдары. -Алматы: Дайк-Пресс, 2011. - 272б.; Қазақ тілінің когнитивті грамматикасы. - Алматы: Қазығұрт, 2014. - 297 бет), 200-ден астам ғылыми мақаланың авторы. Қазақстандағы, Өзбекстандағы мұрағаттар мен кітапханалардан бүгінде ғылыми айналымға түсе қоймаған бірқатар соны деректер мен мақала, пікір т.б. материалдарды тауып, А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанұлының шығармалар жинағын, Н.Қаратышқановтың құрастыруымен жарық көрген «Пән сөздері» (1927), Ә.Үмбетбайұлы «Әскери атаулар сөздігі» (1926), «Атаулар сөздігі» (1931), «ХХ ғасыр басындағы қазақ тіліне қатысты зерттеулер»т.с.с. еңбектерді құрастыру, баспаға дайындау ісіне атсалысты.
«Геологтарға арналған орысша-қазақша тілашар» (құрастырушылардың бірі; Алматы: Сөздік-словарь, 2003), «Орысша-қазақша сөздік» (құрастырушылардың бірі, жауапты шығарушы; Алматы: Дайк-Пресс, 2005), «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген «Қазақ әдеби тілінің сөздігін» құрастырушылардың бірі, 2, 3-томдардың жауапты шығарушысы, 8, 13-томдардың жауапты редакторы, осы 15 томдық түсіндірме сөздіктің редакторлық топ мүшесі болды. Сондай-ақ 2013 жылы жарық көрген бір томдық түсіндірме сөздіктің («Қазақ сөздігі», 1488 б.) де редакторлық құрамында жұмыс істеді.
Қ.Кемеңгерұлының шығармашылығына арналған «Көз көрген», «Таутұлға», «Таңшолпан» бағдарламаларында, академик Р.Сыздықтың шығармашылығына арналған «Бір сәт және бүкіл ғұмыр» атты хабарға атсалысты. «Тіл», «Тіл тірегі» бағдарламаларына қатысып, «Қазақ радиосының» «Жастар» бағдарламасында сөз мәдениетіне, «Қазақ әдеби тілінің сөздігіне» байланысты, А.Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы, ХХ ғасырдың басындағы қазақ тіл білімінің тарихы т.с.с. туралы интервью берді. «ХХ ғасырдың көшбасшысы» интеллектуалды ойынының (2002-2014); «Бәйтерек» зияткерлік ойынының шеф-редакторы (2015-2016), «Сиқырлы әріптер» атты бағдарламада сценарий авторы (2010), «Алтын көмбе» (2012, 2013), «Айжұлдыз» бағдарламаларында (2013), «Енші» зияткерлік бағдарламасында кеңесші болды.
2011-2016 жылдар аралығында ҚАЗТЕСТ сараптау комиссиясының құрамында сарапшы болды. Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде қоғамдық ғылымдар бойынша (2011, 2012), Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде PhD философия докторларын дайындау ісіне диссертациялық кеңес мүшесі ретінде (2013, 2014, 2015, 2016) атсалысты. 2014, 2015 жылдары Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болды.
2014-2018 жылдары Қытай Халық Республикасы Пекин (Бейжің) қаласындағы Ұлттар университетінде қазақ тілі грамматикасы бойынша дәріс оқыды.
ТІЛЕШОВ ЕРБОЛ ЕРДЕМБЕКҰЛЫ
Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент.
Тілешов Ербол Ердембекұлы 1965 жылы 22 ақпанда Алматы қаласында туған. 1972 жылы Алматы облысы Балқаш ауданы «Үлгілі» орта мектебіне 1-сыныпқа барып, 5-7 сыныптарды Қарағаш орта мектебінде, Бақанастағы 8 жылдық мектепте, 8-10 сыныптарды Талғар ауданындағы Октябрь орта мектебінде оқыған. 1982-83 жылдары құрылыста жұмысшы. 1983-85 жылдары Алматы зооветеринарлық институтының студенті, 1985-87 жылдары әскер қатарында. 1987 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогика университетіне түсіп, оны 1992 жылы бітірген. Осы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін С.Сейфуллин атындағы Целиноград, кейінірек Ақмола педагогикалық институты қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы. 1997 жылы «Мағжан Жұмабаевтың поэзиясындағы романтизм» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған. 2003-2004 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Гуманитарлық институты директорының орынбасары. 2004-2007 жылдары ҚР Мәдениет министрлігі Республикалық мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығының директоры, директорының орынбасары. 2007-2012 жылдары Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығының директоры, 2012-2015 жылдары Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы. Қазір Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры. Негізгі еңбектері қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясына, алаштану, тілтану, қазақ тілін үйрету әдістемесі тақырыбына арналған. «Көркемдік әдіс және суреткер» монографиясының, «Алаш туы астында», «Қайнар» зерттеу жинақтарының, «Алаш қозғалысы» энциклопедиялық анықтамалығының (Д.Қамзабекұлымен бірге), «Алаштың ардағы» танымдық жинағының 200-ден астам ғылыми және ғылыми-әдістемелік мақалалардың авторы. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі. «Құрмет» орденімен, Қазақстан Республикасы Құрмет Грамотасымен, «Астананың 10 жылдығы», «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталған. Отбасылы. Жұбайы – Тілешова Қарагөз Есіркепқызы Қазақтың Абай атындағы педагогика университетінің түлегі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, ұлдары – Мұқағали, «Астана халықаралық әуежайының» қызметкері, Еркеғали, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті, келіні – Бағдагүл, немересі – Айару.
БАҚЫТ БЕДЕЛХАНҰЛЫ ӘЛДІБЕКОВ
Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының орынбасары. «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
Қазіргі қазақ поэзиясында өткен ғасырдың 90-жылдарының басында келген буынның белді өкілдерінің бірі, ақын Бақыт Беделханұлы Әлдібеков 1975 жылы Алматы облысы Шонжы ауылында дүниеге келген. 1992-96 жж Абай атындағы ҰПУ де филология факультетін тамамдаған. 1996-98 жж өнер мен өлеңді қатар алып жүрген дарын АлМУ-дың Абай атындағы философия кафедрасының аспирантурасын тамамдаған. Сонымен қатар 1996-99 жж Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының театр факультетінде «театр режиссері» мамандығы бойынша білім алған.
Әр жылдары театр, телевизия саласында еңбек еткен. Астанадағы «Елорда» баспасында редактор, Қ.Қуанышбаев атындағы драма театрда «әдебиет бөлімінің меңгерушісі», «Қазақстан» ҰТРК да журналист-жүргізуші, «Еларна» телеарнасында «Ерлердің ісі бітер ме?» бағдарламасының журналист-жүргізушісі, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының «әдебиет бөлімінің меңгерушісі», М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының«Баспасөз қызметі» бөлімінің жетекшісі. Қазіргі таңда Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының орынбасары.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.Халықаралық«Шабыт» фестивалiнiң лауреаты. Тұңғыш ұйымдастырылған «Рух» Халықаралық әдеби байқауының «Поэма» аталымы бойынша Бас жүлде иегері. Халық қаһарманы туралы түсірілген деректі фильмде батыр Бауыржан бейнесін сәтті сомдап, Ауған соғысының шындығын бейнелеген туындылар жазғаны үшін Бауыржан Момышұлы атындағы «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Сондай-ақ Алматы облысы Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы атағының иегері.
Өлеңдері «Толқыннан толқын туады», «Қарлығаш», «Қос ішек» атты ұжымдық жинақтарға енген. «Кең дүние», «Көкемарал», «Уақыттың жүрегi», «Жалғыздықтың жанары» атты жыр жинақтарының авторы. Ақынның «Махамбет» поэтикалық драмасы мен «Қанталапай» атты киносценарийі көрермен көзайымына айналған. Сондай-ақ, «Тағдыр тақтасы» спектаклі мен «Ұлым, саған айтам...» моноспектакілі көпшіліктің сұранысында.