ОРАЛБАЕВА НҰРЖАМАЛ
Филология ғылымдарының докторы, профессор
Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі
Нұржамал Оралбайқызы(15.05.1928, Павлодар обл, Баянауыл). 1944 жылы Қыздар педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне қабылданып, 3-курста Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына ауысып, оны 1949 жылы үздік бітіріп, аспирантураға қабылданды.
1956 жылы профессор Сәрсен Аманжоловтың ғылыми жетекшілігімен «Қазақ жазуының Қазан төңкерісінен кейінгі тарихы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, 1962 жылы доцент атағын алды. 1952 жылдан 1975 жылға дейін Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор қызметтерін атқарды.
Н.Оралбайқызы 1971 жылы «Қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары теориясының қазақ тіл білімінде тұңғыш жан-жақты қарастырып, осы ілімнің негізінің жасады, қалыптастырды. Ол алғаш қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманты теориясын ашты. Ғалым аналитикалық форма ілімінің тіл ғылымында жаңа сала болып танылатынын, аналитикалық формант түркі тілдеріне, соның ішінде қазақ тіліне де тиесілі екенін дәлелдеді.
1972 жылы филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін, ал 1973 жылы тіл білімі бойынша профессор ғылыми атағын алды.
1975 жылдан 1989 жылға дейін ҚР Ғылым Академиясы Тіл білімі институтында, аға ғылыми қызметкер, жетекші, бас ғылыми қызметкер болып қызмет атқарды.
1989 жылдан педагогтік қызметке ауысып, 1997 жылға дейін Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. 1990-1991 жылдары осы университеттің проректоры қызметінде болды.
1992-1994 жылдары профессор Н.Оралбай Түркия Республикасының Анкара университетінде түркі тілдері, оның ішінде қазақ тілінің грамматикалық құрылысы жайында дәріс оқыды.
Нұржамал Оралбайқызы қазақ тіл білімінің жазу тарихы, графика, орфография мәселелерімен, қазақ тілінің морфология және сөзжасам салаларын зерттеумен шұғылданған. Ғалым қазақ тіл білімінің теориялық мәселелерімен қатар, оқыту әдістемесі мәселелерімен де айналысты. Оның еңбектері тек ірі басылымдарда ғана емес, сонымен қатар, бұрынғы Кеңес Одағы көлеміндегі «Советская тюркология» журналында, Новосибирскіде, Ташкентте, Қазанда, Түркия т.б. мемлекеттерде жарық көрген.
Ғалым республикалық конференциялармен қатар, Анкара, Кипр, Анталия қалаларында өткізілген халықаралық конференция, симпозиум, құрылтайларда түркі тілдерінің өзекті мәселелеріне арналған баяндамалар жасады.
250-ден астам ғылыми, ғылыми-әдістемелік, көпшілікке арналған
еңбектердің авторы, профессор Н.Оралбайдың ғылыми шығармашылығы сан алуан. Ең алдымен қазақ тілі морфология саласынан жарық көрген еңбектерінен “Етістіктің грамматикалық категориялары” (1986), “Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары” (1975) “Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттарының құрылымы мен мағынасы” (1979), “Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі” (1986, А.Қалыбаевамен бірге) , “Қазіргі қазақ тілінің морфологиясынан әдістемелік нұсқаулар” (1959,1961, 1971,1981) т.б. айтуға болады.
Н.Оралбай “Проблемы нулевой формы и нулевого слова в грамматическом строе тюркских языков” (1976) деген мақаласында қазақ тілі ғана емес, жалпы түркі тілдеріндегі нөлдік форманы сөз етіп, оны тілдік фактілермен дәлелдеген. Н.Оралбай нөлдік морфема мәселесін әрі қарай зерттеп, 1986 жылы А.Қалыбаевамен бірге шығарған “Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі” атты монографияныңбір тарауын нөлдік морфема мен нөлдік формаға арнады.
Профессор Н.Оралбайдың өте маңызды ғылыми табыстары, жетістіктері сөзжасам мәселесімен байланысты. Сөзжасам грамматиканың морфология саласында қаралып, онда әр сөз табының сөзжасамы қысқаша қамтылып келгені - белгілі жағдай. Ал сөзжасамның тіл білімінің дербес саласы екені «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» деген 1989 жылғы монографияда жан-жақты ғылыми негізде дәлелденді. 1990 жылдан бастап сөзжасам қазақ тілі мамандарын дайындайтын барлық жоғары оқу орындарында жеке пән ретінде оқу жоспарына кіріп, оқытыла бастады. Н.Оралбайқызы қазақ тілінің сөзжасам саласының жаңаша ғылыми негізін қалады.
Ғалымның ғылыми-ұстаздық қызметі, ғылымдағы дамытудағы, ғалым мамандар дайындаудағы еңбектері Республика Үкіметі тарапынан бағаланып, оған 1960 жылы Қазақ ССР-нің Жоғары Советінің Грамотасы, 1968 жылы Қазақ ССР-нің оқу-ағарту ісінің үздігі атағы, 1987 жылы «Еңбек ардагері» медалі берілді. 1989 жылы «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағымен марапатталды. 2003 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қайраткері», 2005 жылы Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі атағы берілді.
Н.Оралбай - қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымының тарихи тұрғыдан шынайы ғылыми-зерттеу жұмысының нысанына айналып, жан-жақты дамып, өзекті мәселелерінің басын ашуда өлшеусіз үлес қосқан қайраткер ғалым.
Нұржамал Оралбайқызы оқу пәнінің мазмұнын анықтайтын пән бойынша игерілетін білім, іскерлік, дағдылар жүйесін белгілейтін оқу бағдарламаларын да жазды. Ғалымның мына еңбектерін ерекше атап өтуге болады: «Қазіргі қазақ тілі морфологиясының бағдарламасы» (1992, 1994, 2001), «Қазіргі қазақ тілі сөзжасам жүйесінен» типтік бағдарлама (2001), «Практикалық қазақ тілі бағдарламасы» (1997), магистранттарға арналған «Қазақ тілі жалпы курсының бағдарламасы»т.б.
Ғалымның ЖОО-да студенттерге арналған «Қазақ тілі морфологиясы», «Қазіргі қазақ тілі сөзжасам жүйесі» оқулықтары - қазақ тілі мен әдебиеті мамандарын даярлаудағы ғылыми білім мазмұнын анықтайтын дәстүрлі талдау ауқымынан шығып, ғылымның соңғы жетістіктеріне сүйенген, жаңа ғылыми танымға негізделген бірегей оқулықтар. Сондай-ақ «Практикалық қазақ тілі», «Қазіргі қазақ тілінене жаттығуылар жинағы», «Қазіргі қазақ тілінен бақылау жұмысы», (1959), «Қазіргі қазақ тілі морфологиясынан методикалық нұсқаулар» (1963), «Қазіргі қазақ тілі курсы бойынша методикалық жұмыстар» (1991) т.б. оқу құралдары бар.
Ғалымның ерекше еңбек еткен саласы – қазақ тілін орыс тілді мектептер мен орыс тілді дәрісханада оқыту мәселелері. Бұл саладағы мына еңбектерін атап өтеуге болады: «Қазақ тілін үйрену курсының бағдарламасы (1987), «Қазақ тілі» (Халық университеттерінде өтілетін қазақ тіліне арналған бағдарлама және әдістемелік нұсқаулар), «Қазақ тілін үйренеміз» оқу құралы (авт.бірл., 1989, «Басқа ұлт мектептері үшін қазақ тілі мен әдебиеті» (қазіргі «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы) мамандығына арналған типтік оқу бағдарламасы мен «Орыс тілді мектепте қазақ тілін оқыту әдістемесі» атты (1996) оқулығы - қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімін тарихындағы тұңғыш оқулық. Бұл - қазақ тілін оқыту әдістемесі дамуына қосылған үлкен жетістік.
Нұржамал Оралбайқызы 1992-1994 жылдары Түркияда іргелі жоғары оқу орны Анкара университетінде қазақ тілінің мәртебесін жоғары көтеріп, дәріс оқып, соның нәтижесінде бірқатар ғылыми мақалалар мен екі кітаптан құралған «Қазақша үйренеміз», «Қазақша сөйлесеміз» оқулықтарын жазды.
2007 жылы шыққан ЖОО орыс бөлімдерінің студенттеріне арналған «Қазақ тілі» оқулығы - құрылымдық-мазмұндық жағынан жаңаша сарында оқытудың жаңа технологиясы негізінде құрылған дидактикалық жүйе.
Егемендігін еншілеп отырған еліміздің тәуелдігін ту еткен Қазақстанның өркениетін дамытуда ұлттық кадр маман даярлауда ғалымның еңбегі ұланғайыр. Тоқырау заманында қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімі дамуы жағынан кенже қалды. Бұл кезеңдегі тілді оқыту саласы бойынша бірді-екілі ғалымдарды атап айтсақ, бүгінде ғалымдар әлеуетінің қанат жайып, оның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан – Н.Оралбайқызы. Ғалымның бастауымен 1990 жылы Мәскеу арқылы алғашқы кандидаттық диссертация қорғау кеңесін ашу зор жетістік болды. Алғаш диссертацияларын қорғағандар да – профессор Н.Оралбайқызының шәкірттері.
1992 жылы Қазақстан Республикасында Жоғары Аттестациялық Комиссия (ЖАК) құрылған кезде, кандидаттық, докторлық диссертация қорғау жөніндегі алғаш мамандандырылған кеңестердің ашылуына үлкен еңбек сіңірген де ғалым ұстаздың өзі болатын. 1974 жылы арнайы кеңестер құрылған кезде тілді оқыту әдістемесі ілімінен мамандардың болмауына байланысты ғылымның бұл саласынан диссертация қорғайтын кеңес республикада ашылмады. Ол осы ғылым саласының мамандарының дайындалмауына, ғылымның бұл саласының дамымауына әкеп соқтырды. Осы жағдайды жақсы түсінген профессор Н.Оралбайқызы 1991 жылы Қазақстан халықтарының тілдерін оқыту әдістемесі бойынша диссертация қорғайтын кеңес ашып, оның төрайымы болды. Кейін ол кеңес докторлық диссертация қорғайтын кеңеске айналып, әдістеме ілімінен бірнеше докторлар, кандидаттар дайындалды. Ол мамандар тоқырауға ұшыраған осы ғылымды жандандырды, дамытты.
Профессор Н.Оралбайқызы 60-тан астам ғылым докторы мен ғылым кандидаттарын даярлады. Бұл - ғұлама Н.Оралбайқызы мектебінің тұғырының берік, еңсесінің биік екендігінің айғағы.
ЖҮСІП ҚУАНДЫҚ ПАЗЫЛҰЛЫ
Филология ғылымдарының докторы, профессор
Жүсіп Қуандық Пазылұлы – 02.11.1941 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, қазіргі Мәшһүр-Жүсіп аулында (бұрын «Жаңа жол» колхозы атанған) туған. 1959 жылы Баян қазақ орта мектебін бітірген. 1959-1964 жылдары Алматыдағы Абай атындағы Қазақтың педагогикалық институтының тарих-филология факультетінде оқып, қазақ тілі, әдебиеті және тарих мұғалімі мамандығын алды. 01.11.1964 – 31.12.1967 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясындағы М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты аспирантурасында оқыды.
01.01.1968 жылдан бастап Қазақ ССР Жоғары және арнаулы орта білім министрлігі жолдамасымен Семейдің Н. К. Крупская атындағы педагогикалық институтындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы болып қызметке орналасты. 11.06.1969 жылы Қазақ ССР ҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғылыми кеңесінде «Қазақ прозасындағы тартыс және жаңа адам»- тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 1973 жылдан сол кафедраның доценті және кафедра меңгерушісі болып істеді (1978 жылға дейін). 08.04.1994 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясындағы М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д.53.34.01. мамандырылған кеңесінде «Қазіргі қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 22.11.1996 жылы Қазақстан республикасының министрлер кабинеті жанындағы жоғарғы аттестациялық комиссиясы шешімімен оған әдебиеттану мамандығы бойынша профессор ғылыми атағы берілді.
01.09.1995 – 31.07.1997 жылдар аралығында Қ. Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтында «Филологиялық пәндер» кафедрасының меңгерушісі және Екібастұз жоғарғы педагогикалық колледжінде қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды.
1997 жылдан бастап 2008 жылға дейін С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіндегі қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, қазіргі уақытта қазақ филолгиясы кафедрасының Құрметті кафедра меңгерушісі болып істейді.
Жазушы ретінде бірнеше көркем шығармалар жариялады: «Бір әйелдің өмірі» - 1975 ж., «Армандастар» - 1979 ж., «Қыздар, жігіттер» - 1981 ж., «Однокурсники» - 1989 ж., «Ұл мен қыз» пьесасы Абай атындағы Семей музыкалық драма театрында 1980-1996 жылдар аралығында қойылды. Жаз айындағы гастроль кезінде аталған пьеса Шығыс Қазақстан, Семей, Павлодар, Қарағанды облысының селоларының бәрінде дерлік қойылып, қойылым саны 300-ден асты.
1991 жылдан күні бүгінге дейін республикалық «Абай» журналының алқа мүшесі, 2002 жылдан қазірге дейін республикалық «Қазақстан мектебі» журналының ақылдастар кеңесі мүшесі. Сонымен бірге 1975-1984 жылдар аралығында Қазақ ССР Ағарту министрлігінің қазақ тілі мен әдебиетіне арналған жинақтарының алқа мүшесі болды. Кейін зерттеле бастаған М.Ж.Көпеевтің алғашқы екі томдық таңдамалысының (Ғылым, 1990, 1992) алқа мүшесі болумен бірге бүгінге дейін жалпы Мәшһүртану ілімін ұйымдастыру жұмысын жүргізіп келеді.
Қуандық Пазылұлы 2003 жылдан бастап шыға бастаған Мәшһүр Жүсіп шығармаларының 20 томдығының (алғашқы 13 томының) жауапты редакторы ретінде еңбек атқарды. Бұл кітаптарда түрлі мұрағаттардағы көне араб әрпімен жазылған ақын жазбалары және оның алуан көшірмелері жинақталып, қажетті ғылыми түсініктермен беріліп келеді. Бұл кітаптарда Мәшһүр Жүсіп туындыларымен бірге ол жинаған фольклор, ауыз әдебиеті үлгілері, қазақ тарихына т.с.с. қатысты еңбектері қамтылып, алдағы уақытта жалпы шығыс мәдениеті, аударма, философия, дін туралы т.с.с. жазғандары енетінін бағымдасақ, бұл үлгілердің ғылымның көп саласы үшін бағалы дерек, ой көзі болып табылатынын ескерген жөн.
01.01.1968 жылдан күні бүгінге дейін, яғни 50 жыл бойы жоғарғы оқу орнында дәріс оқып келеді. Оның шәкірттері қазір мыңдап саналып, республиканың барлық жерінде қызмет істеуде. Олардың ішінде ғылым кандидаттары және докторлары ондап саналады.
1991 жылы Қазақстан Жоғарғы білім министрлігі «Қазақстанның ағарту ісінің үздігі» («Отличник просвещения Казахстана») белгісін алды. 2001 жылдың 29 қазанында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. 1979 жылдан - СССР Жазушылар одағының, 1992 жылдан - Қазақстан жазушылар одағының мүшесі. 2008 жылы «10 жыл Астана» белгісімен, 2011 жылы «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медалінің иегері. 2012 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. 2014 жылы Білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен марапатталды.
Қ.П. Жүсіп 50 шақты кітаптардан басқа 300 жүзден аса ғылыми мақалалардың авторы.
Ғылыми еңбектері:Өлең – сөздің патшасы: Зерттеулер. – Алматы,1991. – 216 б.;Көркем сөздің құдіреті.– Павлодар, 2000. – 288 б.; Мектепте қазақ әдебиетін оқыту. – Павлодар, 2003. – 254 б.;Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 1-20 томдар.– Павлодар, 2003-2013; Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік. Монография. – Павлодар, 2007. – 442 б.;Әдебиетті оқыту мәселелері. – Павлодар, 2011. – 466 б.;Шығармалары. 1-7 томдар. - Павлодар, 2011. – 558 б., 504 б., 486 б., 342 б., 576 б., 504 б., 630 б.;Сөз құдіреті. 1-7 томдар. Монография. – Павлодар, 2013 – 2016. – 476 б., 479 б., 498 б.,
Қамзабекұлы Дихан
филология ғылымдарының докторы, профессор
Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі.
«Құрмет» орденінің иесі
Дихан Қамзабекұлы 1966 жылы 19 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы Келтемашат ауылында туған. 1990 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтын «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша үздік бітірген.
1994 жылы ҚР ҰҒА әдебиет және өнер институтындағы диссертациялық кеңесте «С.Сәдуақасұлының әдеби мұрасы» атты тақырыпта (10.01.02) кандидаттық, 2003 жылы «Әдеби-тарихи процесс: ағымдар, концепциялар (ағартушылық кезең)» атты тақырыпта (10.01.02.) докторлық диссертация қорғады. ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі (2012), академигі (2017).
1990-1996 жылдары Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, 1996-2000 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (ЕҰУ) қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, 2000-2001 жылдары аға ғылыми қызметкері, 2001-2004 жылдары Қазақ ұлттық музыка академиясы тіл және әдебиет кафедрасының меңгерушісі, 2004-2005 жылдары ЕҰУ Гуманитарлық институтының директоры, 2005-2006 жылдары ЕҰУ оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры, 2006-2008 жылдары ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, 2008-2011 жылдары - ЕҰУ оқу-әдістемелік жұмыс және стратегиялық даму жөніндегі проректоры, 2011-2012 жылдары - стартегиялық даму және жоғары оқу орнынан кейінгі білім жөніндегі проректор, 2012 жылдан - әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор.
Қосымша: 1994-1995 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында, 1995-1996 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқытушылық қызмет істеген. Қоғамдық негізде «Қазақстан музейлері» журналының алқа мүшесі және «Тіл және қоғам» альманағы редакторының орынбасары жұмыстарын атқарды. Қазір «ЕҰУ Хабаршысы: гуманитарлық серия» ғылыми журналының жауапты редакторы.
Кітаптары мен оқу құралдары: «Смағұл Садуақасұлы» (1996), «Руханият» (1997), «Алаш және әдебиет» (2002), «Ағартушылық және әдебиет» (2003), «Пайым» (2004), «Тіл саясаты: ғылым және тәжірибе» (телавторлармен, 2006), «Алаштың рухани тұғыры» (2008), «Смағұл Садуақасов» (2009), «Түркістан алқасы» (2011), «Ұлттық әдебиет және дәстүрлі ментальдік» (телавторлармен, 2012), «Жұрт» (2012), «Алаш қозғалысы» (телавтормен, 2014), «Алаш – темірқазық» (2015), «Ой алаңы» (2016), «Алаш арқауы» (2017). Сонымен қатар Ж.Аймауытұлы, Қ.Кемеңгерұлы, С.Сәдуақасұлы, Қ.Болғанбай, С.Ғылмани сынды қайраткерлердің шығармалар жинағын даярлап, алғысөз-түсініктерімен жариялады. Мерзімді баспасөзде 700-ден аса мақаласы жарық көрді. 3 деректі фильм cценарийінің авторы («Қазақтың Қошкесі», «Бата», «Көздің қарашығындай»). «Қазақстан» телеарнасында «Күмбез» хабарының жүргізушісі болды.
Қатынасқан ғылыми жобалары: «Еуразияшылдық – жаһандану жағдайында Қазақстан және онымен шектес елдердің өркениетті даму негізі: «тарихи-этнографиялық және теориялық аспект» (2004-2006), «Мемлекеттік тіл – Қазақстан Республикасында рухани жедел жаңарудың негізі» (2006-2012) т.б.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі 10.01.02-қазақ әдебиеті, 10.01.07-салыстырмалы әдебиеттану мамандықтары бойынша Д.14.31.03 Диссертациялық кеңесінің төрағасы (2008-2010), филология ғылымдары бойынша PhD Диссертациялық кеңес төрағасы (2012 жылдан). ҚР Мемлекеттік сыйлық беру жөніндегі комиссияның мүшесі (2008-2012).
ҚР Премьер-министрі жанындағы Мемлекеттік тілді одан әрі дамыту жөніндегі үкіметтік комиссиясының мүшесі (2006 жылдан). Қазақстан Республикалық Ономастика комиссиясының ғалым-хатшысы (2000-2002), мүшесі (2005 жылдан). Астана қаласы Ономастика комиссиясының мүшесі (1997 жылдан). Қазақстан халқы ассамблеясына қарасты Астана қаласындағы Кіші ассамблеяның мүшесі (2003 жылдан). ҚР БҒМ бақылау және қадағалау Комитетінің филология саласы бойынша сарапшысы (2004-2008). Үш мәрте ҚР Президенттігіне үміткердің мемлекеттік тілді еркін білуін анықтайтын Лингвистикалық комиссияның мүшесі (2005, 2011, 2015).
ҚР Президенті стипендиясының (1994-2000, 2006-2008), Қазақстан Журналистері одағының С.Қожанұлы атындағы сыйлығының (1996), ҚР Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының (2000), ҚР БҒМ «Ы. Алтынсарин» (2005), «ҚР Конституциясына – 10 жыл» (2005), «Астана – 10 жыл» (2008), «Тәуелсіздікке – 25 жыл» (2017) мерекелік медальдерінің иегері. ҚР Президентінің Алғыс хатын алған (2005, 2011, 2016). ҚР ЖОО «Үздік оқытушы-2007» атағын иеленген. 2009 жылы «Құрмет» орденімен, 2014 жылы Ш.Уәлиханов сыйлығымен марапатталды.
ІШПЕКБАЕВ ЖАНАТБЕК ЕШЕНҚОЖАҰЛЫ
Абай ат.Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті Тәрбие жұмысы және әлеуметтік даму жөніндегі проректор. Білім беру ісінің құрметті қызметкері. Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға еңбек сіңірген қайраткер. Ы.Алтынсарин медалінің иегері.
Ішпекбаев Жанатбек Ешенқожаұлы - Алматы облысында дүниеге келген (13.07.1965 ж.). Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры, саяси ғылымдардың кандидаты, профессор.
1986-1991 жылдары аралығында Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алып, 1994 жылы аталған жоғары оқу орнының аспирантурасын тәмамдады. 2000-2002 жж. аралығында Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің құқықтану мамандығы бойынша және 2002-2005 жж. Қазақстан жол қатынастары университетінде жол қозғалысын басқару экономикасы мамандығы бойынша екінші жоғары білім алды.
Ж. Е. Ішпекбаевтың еңбек жолы 1982-1983 жж. № 148 ОКТУ-дегі кең кәсіпті маман қызметінен басталды. 1983-1986 жж. Кеңес Әскері қатарында қызмет етті. 1995 жылы Абай атындағы ҚазПИ қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушы, 1995-1997 жж. «Шабдар» баспасы директорының орынбасары, 1997-2008 жж. Абай атындағы ҚазҰПУ ректорының көмекшісі қызметін атқарды. 2008 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Абай атындағы ҚазҰПУ-дың тәрбие ісі жөніндегі проректоры.
Ғылымдағы ізденіс салалары:педагогика, саясат, экономика.
Ж.Е. Ішпекбаев -5 монография, 4 оқу және оқу-әдістемелік құралы, 3 ғылыми басылым және 100-ден аса ғылыми мақалалардың авторы.
Солардың ішінде, «Мәңгілік ел осылайша сомдалған» атты ғылыми монографиясы (2016 ж.), «Жоғары оқу орнының оқу-тәрбие үдерісінде жастардың ұлттық келбетін қалыптастыру» атты монографиясы (2015 ж.), «Политический консенсус как общегосударственная ценность Содружества Независимых Государств» атты монографиясы (2014 ж.), «Тәуелсіз мемлекеттер достастығында саяси консенсусты қалыптастыру» атты монографиясы (2014 ж.), «Жоғары оқу орындарында тәрбие жұмысын ұйымдастырудың теориясы мен практикасы» атты оқу құралы (2013 ж.), «Становление и развитие общегосударственного политического консенсуса в Содружестве Независимых Государств» атты монографиясы (2012 ж.) білім беру жүйесінде кең қолданысқа ие.
Ж.Е. Ішпекбаев Ханьшань педагогикалық университетінің құрметті профессоры (ҚХР).
Қоғамдық қызметі: Ж.Е. Ішпекбаев университет жанындағы Медеу аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалының «Абай» БПҰ төрағасы. Абай атындағы ҚазҰПУ-нің жемқорлыққа қарсы комиссия төрағасының орынбасары. Ол 2011 жылы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы қарсаңында «Нұр Отан» ХДП Медеу аудандық қоғамдық штаб төрағасы қызметін атқарды. 2015 жылы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы науқанында және 2016 жылы ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейлердегі маслихаттары депутаттарының сайлауында Медеу аудандық Қоғамдық штабының мүшесі болды.
Мараппаттары: ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Алғыс хаттары (2006, 2008, 2011, 2016 жж.); «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі (2016 ж.); Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелiк медалі (2015 ж.); «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі (2011 ж.); «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі (ҚР БжҒМ 2016 ж.); «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі (ҚР БжҒМ 2013 ж.); Ы. Алтынсарин» төсбелгісі (ҚР БжҒМ 2009 ж.);ҚР БжҒМ министрінің білім саласындағы қызметі үшін Құрмет грамотасы (2008 ж.); «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсподағына сіңірген еңбегі үшін» күміс белгісі (ҚР БҒҚК 2015 ж.); «Қайырымдылығы үшін «Сауап» медалі (2010 ж.); «Білім беру ісіне қосқан үлесі үшін» медалі (Ресей, 2012 ж.); Абай атындағы ҚазҰПУ-дің қалыптасуы мен дамуына сіңірген еңбегі үшін «Айрықша еңбегі үшін» төсбелгісі (2012 ж.). Алматы қаласы Медеу ауданының 75 жылдығына орай «Медеу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін» мерекелік төсбелгісі (2011 ж.).
БЕЙСЕНБАЕВА ГҮЛБИБІ АРШАБЕКҚЫЗЫ
(1926 - 2006)
Филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Гүлбибі (Күлтай) Аршабекқызы Бейсенбаева 1943 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының қазақ тілі және әдебиет факультетіне түсіп, 1947 жылы аталған институтты бітіріп шығады. 1948 жылдан бастап аталған институттың Қазіргі қазақ тілі кафедрасының доценті қызметін атқарды. Көп жылдық табысты еңбегі үшін Алматы қалалық обкомының мақтау қағазымен марапатталған (1996). Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының «Құрмет кітабына» аты енгізілген (1970). Ғылыми жетекшілігі мен жастарды тәрбиелеуде белсенділігі үшін ЛКСМ Қазақстан Орталық комитетінің мақтау қағазымен (1978) және «Еңбек Ері» медалімен марапатталған (1986).
«Қазіргі қазақ тіліндегі зат есімнің қосымшасыз байланысы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап (1971), филология ғылымдарының кандидаты дәрежесі берілді (1971). Қазақ тілі кафедрасының доценті атағын алады (1976).
Ғылыми бағыттары: Қазақ тіл білімінің салалары, қазақ және орыс тілінің салғастырмалы грамматикасы, қазіргі қазақ тілінің фонетикасы және оқыту әдістемесі. Ғалым 6 оқу құралы мен 45-тен аса мақаланың авторы. Ғалымның қаламынан туындаған еңбектері қазіргі күнге дейін қолданыста.
Монографиялары мен оқулықтары және оқу-әдістемелік құралдары
- Безаффиксное сочетание имен существительных в современном казахском языке. –Алматы: АКД, 1971.
- Қазіргі қазақ тілінің фонетикасы. – Алматы, 1973. – 70 б.
- Программа по сопоставительной типологии русского и казахского языков. – Алматы, 1992.
- Сопостовительная грамматика русского языка и казахских языков (авторлық бірлестікте). – Алматы, 1996.
- Қазіргі қазақ тіліндегі зат есімдердің жалғаусыз тіркестерінің кейбір түрлері. – Алматы, 1974. – 63 б.
- Совренный казахский язык. Учебник для студентов русско-казахских отделений педагогических вузов (авторлық бірлестікте). – Алматы, 1977.
- Қазіргі қазақ тілінің фонетикасы. Оқу құралы. – Алматы, 1995. – 89 б.
- Қазақ және орыс тілдерінің салыстырмалы грамматикасының программасы. Унверситеттер мен институттурдың филология факультеті студенттеріне арналған. – Алматы, 1969. – 45 б.
- Қазіргі қазақ тілі. Лабораториялық жұмыстар (Авторлық бірлестікте: Ғ.Қалиев, Н.Оралбаева, C. Хасанова, А.Әбілқаев). –Алматы: Ана тілі, 1992. – 187 б.
ӘБДІҒАЛИЕВА ТІЛЕУЛЕС
филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері.
Әбдіғалиева Тілеулес02.1944 жылы Павлодар облысы, Ақтоғай ауданы, С.Мүткенов атындағы ұжымшарда дүниеге келген. 1957-1961 жж. Павлодар қаласындағы педучилищенің студенті, үздік дипломмен бітірген.
1961-1965 жж. Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтында оқыды, Филология факультетін «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығы бойынша үздік бітірген.1965-1967 жж. Краснокут (қазіргі Ақтоғай) мектеп-интернатында қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді.
1967-1968 жж. Павлодар облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының әдіскеріболып жұмыс істеді. 1968-1971 жж. Павлодар облыстық комсомол комитетінің оқушы және студент жастар бөлімінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі болып істейді. БЛКЖО-ның төсбелгісі, Құрмет грамотасымен, Қазақ ССР Жоғары кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
1971-1975 жж. Алматы қаласындағы Совет аудандық партия комитетінде қызмет істеді. 1975-1985 жж. Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтында аспирант, оқу кабинетінің меңгерушісі, оқытушы болды.1985-1989 жж. Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогика ғылымдарының ғылыми зерттеу институтында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, қазақ тілі мен шетел тілдерін оқыту бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істейді.
1988 ж. Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогика ғылымдарының ғылыми зерттеу институтының іскерлік, мәдени байланыстар бағдарламасы бойынша Моңғол Халық республикасының Баян Өлгей аймағында іссапарда болды.1989-2000 жж. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде аға оқытушы, доцент, профессор қызметінде істейді.
1991 ж. «Қазіргі қазақ тіліндегі болымсыздық және оның берілу жолдары» тақырыбына 10.02.06 түркі тілдері мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғайды. 1994 ж. Жоғарғы Аттестация Комитеті шешімімен доцент ғылыми атағы берілді.1994-1998 жылдарда Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетң жанындағы ДР 14.05.01 ғылыми кеңесінің мүшесі болды.
1998 ж. «Қазіргі қазақ тіліндегі болымдық-болымсыздық категория» 10.02.02 қазақ тілі мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғады.
1999 ж. Алматы мемлекеттік университетіндегі Д. 14.05.04 диссертациялық ғылыми кеңесінің мүшесі, ғалым-хатшысы.2002 ж. Жоғарғы Аттестация Комитеті шешімімен профессор ғылыми атағы берілді.
2000 жылдың қыркүйегінен бастап қазіргі уақытқа дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры болып қызмет істейді. 2002 ж.Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы оқу-әдістемелік комиссия мүшесі болды.2002-2004 жж. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі қазақ тіл білімі кафедрасы жанындағы К 14.29.02 ғылыми кеңесінің мүшесі болды.
2002 ж. Қазақстан тәуелсіздігінің 11 жылдығына университет ректорының Алғыс хаты иегері атанды.2002-2006 жж. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі практикалық қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі қызметінде істеді.
2005 ж. «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.2005-2010 жж. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі қазақ тіл білімі кафедрасы жанындағы Д. 14.29.02 докторлық диссертация қорғайтын ғылыми кеңестің мүшесі, төраға орынбасары.2003, 2010 жылдары Білім алушыларға сіңірген еңбегі мен ғылыми жұмыста жетістікке жеткені үшін университет ректорының Алғыс хатымен марапатталды.2011 ж. «ЕҰУ 15 жылдығы» төсбелгісімен марапатталды.2012 ж. «Күлтегінә медалімен марапатталды.
2012 ж. 25.08-03.09 аралығында Братиславадағы (Словакия) жоғары білімді ұйымдастырудың халықаралық ассоциациясы орталығында ғылыми тағылымдамадан өтті.2010-2013 жж. Білімді жетілдіру мақсатындағы 8 халықаралық, 8 республикалық сапа сертификаттарының иегері.
Ф.ғ.д., профессор Т.Әбдіғалиеваның ғылыми жетекшелігімен 6 ғылым кандидаты, 18 ғылым магистрі даярланған.
Ғылыми-зерттеу бағыттары: функционалды грамматика, тілдің грамматикалық құрылысы, қазақ тілін оқыту әдістемесі.
Жүзге жуық ғылыми мақалалардың авторы. Бірнеше монографиялар мен оқулық, оқу құралдарының авторы.
Практикалық қазақ тілі. Жоғары оқу орындарына арналған оқулық. 1993 (авторлық бірлестікте). Қазіргі қазақ тіліндегі болымдылық-болымсыздықтың мағынасы мен қызметі. Монография, 1996.Қазақ тілін оқыту әдістемесі. Практикалық, лабораториялық жұмыстар, 1999 (авторлық бірлестікте). Қазақ тілі 6 класс үшін 1989, 1990,2000,2001 ж. басылымда.
Жүзден жүйрік, 2002 (авторлық бірлестікте).
Қазақ тілінен студенттердің білім-біліктілігін блоктық-рейтингтік жүйе бойынша бақылау, 2003 (әдістемелік құрал). Қазіргі қазақ тілі. Сөзжасам. Оқу құралы, 2011 (авторлық бірлестікте). Қазіргі қазақ тіліндегі болымдылық-болымсыздық категориясы. Монография, 2013.Семантика отрицания в современном казахском языке и способы ее выражения. Монография, 2013.