ДҮЙІСМАҒАМБЕТОВ МАҚСАТ
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері.
Дүйісмағамбетов Мақсат1953 жылдың 10 ақпанында Ақтөбе облысы Шалқар ауданында дүниеге келген.
1973 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогика институтының филология факультетін, 1980 жылы осы оқу орнының аспирантурасын бітірген.1973-1975 жылдары Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы Айшуақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет жасады. 1975-1982 жылдары Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы Қорғантұз орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі боп қызмет етті.
1982-1983 жылдары Алматы қаласындағы Республикалық экспериментальдық мектеп- интернатта мектеп директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді.1983-1984 жылдары «Жаңа фильм » журналының редакторы болып қызмет атқарды. 1984-1989 жылдары «Қазақстан мектебі» жураналының гуманитарлық ғылымдар бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.1989-2005 жылдары «Қазақстан әйелдері » журналында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды.
2005-2006 жылдары «Қазақстан» ұлттық телеарнасы дубляж бөлімінің аға редакторы болып жұмыс істеді.2006 -2008 жылдары «Қазақстан» ұлттық теларнасының дубляж бөлімінің бастығы болып қызмет атқарды. 2008 -2016 жылдары «Қазақстан» ұлттық теларнасының дубляж бөлімінің шеф-редакторы болып қызмет істеді
2017 жылдан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру мақсатында құрылған Ұлттық аударма бросында әдеби редактор.
Шығармашылығы: Көркем әдебиет сыны, кино мен театр сыны және
өнертану тақырыбындағы мақалалары республикалық баспасөз бетінде 1973 жылдан бері жарияланып келеді.«Арман қанатында», «Байғазы» жинақтарында , «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Қазақстан әйелдері « журналында көркем әңгімелері жарық көрген.
«Мәдени мұра» жобасы бойынша жарық көрген «Әлемдік философиялық ой маржандары» сериясымен шыққан 5 томдық кітапты аударуға қатысқан.
2005-2016 жылдары «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан жүрген фильмдердің редакторы болды және жүзден астам фильмдерді аударды. «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан жүрген, араб және қытай тілдерінен тікелей аударылған «Сұлтан Бейбарыс», «Шыңғыс хан» телехикаяларының және ұлттық арнадан2006 жылдан бері жүріп келе жатқан түрік және корей телехикаяларының редакторы болды.
Алған марапаттары: 1981 жылы педагогика саласындағы еңбегі үшін «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен наградталды.
Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникацилар министрлігінің , «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы АҚ –ның Мақтау грамоталарымен марапатталған.
АСЫЛБЕКҰЛЫ СЕРІК
Филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Жазушылар одағының Б.Майлин атындағы сыйлығының лауреаты.
Асылбекұлы Серік 1951 жылы
18 қыркүйекте Қызылорда обылысының Қармақшы ауданындағы Ленин ауылдық советіне қарасты Қарақ деген жерде дүниеге келген. Оның екі жасында ата-анасы көршілес Қазалы ауданына қоныс аударған. 1968 жылы Қазалы ауданының Қазалы ауылындағы №100 "Кеңтүп» қазақ орта мектебін, 1973 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор.
Асылбекұлы Серік 1973-2001 жылдары орта мектепте мұғалім, мектеп директорының оқу істері жөніндегі орынбасары, республикалық әдеби баспалар мен журналдарда редактор, бас редактор, Қазақстан Республикасы Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінде жетекші маман болып қызмет атқарды. 2001-2008 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясының аға оқытушысы, доценті, профессоры, 2009-2013 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы. Қазір Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында қызмет етеді.
С.Асылбекұлы 1984 жылы Москва қаласында өткен Жас жазушылардың ҮІІІ Бүкілодақтық кеңесінің қатысушысы, Қазақстан Жазушылар одағының Б.Майлин атындағы сыйлығының лауреаты (1987 ж.), қазақ және орыс тілдеріндегі 10 прозалық кітаптың, шет елдердің, атап айтқанда, Ресей Федерациясының, Украинаның, Моңғолияның, Қырғызстанның, Қытай Халық Республикасының ғылыми басылымдарында жарық көрген бірнеше әдеби-зерттеу мақалаларының, бір монографияның авторы. Л.Толстой, Ги де Мопоссан, М.Пришвин, А.Грин, А.Васильевич, В.Железников, Г.Далидович, т.б. лардың кейбір новеллалары мен әңгімелерін, Ш.Айтматовтың «Жаңғырық» («Плаха») атты романының бір тарауын орыс тілінен қазақшаға аударған.
С.Асылбекұлы сондай-ақ драматург ретінде де танымал. Оның «Желтоқсан түні ызғарлы» («Бір түнгі оқиға») пьесасы бойынша қойылған спектакльге осы заман шындығын шынайы бейнелегені үшін 1998 жылы Тараз қаласында өткен ҮІ Республикалық театр фестивалінің, «Империядағы» туған күн кеші» пьесасы бойынша қойылған спектакльге 2013 жылы Ақтөбе қаласында өткен ХХІ Республикалық театр фестивалінің, ал «Күзгі романс» пьесасына 2005 жылы Қазақстан Ұлттық кітапханасы мен «Самсунг электроникс» корпорациясының үздік драмалық шығармаларды анықтау мақсатында өткізген республикалық әдеби конкурсының бас жүлделері берілді. Қазіргі күндері аталған пьесалар бойынша қойылған спектакльдер Қазақ және Қырғыз академиялық, ұлттық драма театрларының сахналарында табыспен жүруде.
Серік Асылбекұлының «Бөтеннің тойы» атты әңгімесі 2016 жылдың 25-28 қараша аралығында Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында өткен, әлемнің 43 елінен 1400 шығарма келіп түскен «Open Eurazian literature Festival book Forum - 2016» халықаралық әдебиет фестивалінде «Көркем шығарма» номинациясы бойынша лауреат атанды. Бұл конкурсты Еуразиялық шығармашылық одақ (Лондон) пен британдық Hertfordshire Press баспа орталығы өткізген болатын.Ал 2017 жылы С.Асылбекұлының «Қазақша ашылып сайрау» комедиясы халықаралық «Рух» әдеби конкурсының «Үздік драмалық шығарма» номинациясы бойынша бас жүлдені иеленді.
Шығармалары: Асылбекұлы С. Қазақ мәдениеті – қазақ мемлекеттілігінің жүрегі.
1. Публицистикалық мақалалар. – Алматы: Өнер, 2003. – 240 б.
2. Асылбекұлы С. Қазақ повесі (Генезисі, эволюциясы, поэтикасы). Монография. – Алматы: Ұлағат, 2015 – 288 б.
3. Асылбекұлы С. Шығармалары. Әңгімелер, повестер. 1-том. – Астана: Фолиант, 2008. – 400 б.
4. Асылбекұлы С. Шығармалары. Повесть, әңгімелер, пьесалар, 2-том. – Астана: Фолиант, 2008. – 416 б.
5. Асылбекұлы С. Рәбиғаның махаббаты. Әңгімелер, повестер, пьесалар. – Алматы, Қазpress, 2015- 320 б.
АХМЕТ КЕНДЕРБЕКҰЛЫ
Алматы облысы тілдерді дамыту басқармасының басшысы.Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасы директорының кеңесшісі. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.
Ахмет Кендірбекұлы 1956 жылы 25 қарашада Алматы облысы Алакөл ауданы Бұлақты ауылында дүниеге келген.
Бұлақты орта мектебін аяқтағаннан кейін Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік педагогика институтының филология факультетіне түсіп, оны 1977 жылы бітірген. Алакөл ауданындағы Көктұма орта мектебінде мұғалім, директордың оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, 1980 жылдан 1984 жылға дейін мектеп директоры болып қызмет атқарған. 1990 жылға дейін Алакөл аудандық ”Жаңа өмір” газеті редакторының орынбасары, аудандық ”Қазақ тілі” қоғамының төрағасы, 1992 жылдан 1997 жылға дейін Алакөл ауданы әкімінің орынбасары, одан кейін Алматы қаласында Қазақтың мемлекеттік ақпарат институтында аға редактор, «Деловой мир Казахстана» журналының редакторы болып жұмыс жасаған.
1999 жылдан Алматы облысы әкімінің аппаратында: ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, әлеуметтік-мәдени сала, білім және денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің бастығы болып қызмет атқарған. 2004 жылдан 2009 жылға Алматы облысы тілдерді дамыту басқармасының бастығы. 2009 жылдан 2014 жылға дейін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бастығы, 2014-2015 жылдары Алматы облысы әкімінің кеңесшісі, 2015 жылдан Алматы облысы тілдерді дамыту басқармасының басшысы. 2017 жылдан облыстық «Жетісу» телеарнасы директорының кеңесшісі.Мемлекеттік қызмет өтілі – 29 жыл.
Ол Алматы облысының әлеуметтік-мәдени өміріне белсене араласады. Ең әуелі қазақ ұлтының жоқшысы, оның тілі мен дәстүрін қалпына келтірудегі, облыстағы өнер мен мәдениеттің дамуындағы атқарған істері ауызға аларлық. Алғаш рет Алакөл ауданында «Қазақ тілі» қоғамын құрып, туған тілімізді жандандыруда үлкен еңбек етті. Тұңғыш рет ауданда Наурыз мерекесін ұйымдастырды. Қабанбай батырдың Үшарал қаласындағы алғашқы ескерткішін орнатуға, Бексұлтан төре мен Қараш палуанның зиратын қалпына келтіруде, Қабанбай, Қасабай батырлардың 300 жылдық мерейтойларын тойлауға, аудандағы жер-су атауларының тарихи атауын қайтаруға белсене араласып, сол істердің бас-қасында жүрді.
Өнер, әдебиет саласында үлкен шаруалар атқаруда. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі ретінде ақын С. Иманасовтың, жазушы Ә. Әлімжановтың, әнші З.Қойшыбаевтың мерейтойларын ұйымдастыруға белсене қатысты. Алакөлдің тарихы мен даналары жөнінде «Алакөлдің ақиық азаматтары», «Ақ айдынды Алакөл» кітаптарын шығарды. Туған өңір туралы «Жаңа көктеген шөп» тарихи фильмдерін және көптеген айтулы азаматтар жөнінде (Ә.Әлімжанов, Д.Рақышев, Д.Шоқпаров, Е.Ібітанов, Т.Базарбаев, Қ.Бұғыбаева, Е.Жақыпбек, т.б.) бейнебаяндар түсірген. Ахаңның облыстағы әдеби ортаға ықпалы бар. Оның араласуымен Әбен Дәуренбековтің, Әли Ысқабайдың, Тұрсын Әбдуалидің мерейтойлары облыстық деңгейде аталып өтті. Тұманбай Молдағалиевке арналған «Жүрегі жырдан жаралған» атты республикалық шара көптің көңілінен шықты. Дүниеден өткен қаламгерлер мен өнер иелерін еске түсіру мақсатында «Тағзым» шарасы бірнеше рет ұйымдастырылды. Қазіргі кездегі танымал ақындар Жұматай Әміреев, Сағыныш Намазшамова, Ерғазы Манапұлы, Төлеужан Ғұмар, Қалмаханбет Мұқаметқали және басқалардың тырнақалды кітаптарын шығаруға жәрдемдесті. Талантты ақын-жазушылар Ерлан Жүніс, Есболат Айдабосынның, Төлеужан Ғұмардың, сатирик Тұрлыхан Кәрімнің және аудандарда тұратын жас қаламгерлердің шығармашылық кешін «Тіл сарайында» өткізуге ұйтқы болды.
Қазіргі кезде А.Кендірбекұлы облыс көлемінде де туған тіліміз бен дәстүрімізді өркендетуге бір кісідей еңбек етіп келеді. Әсіресе тіл саласындағы қызметі ұшан-теңіз. Ең алғаш тіл саласын қолға алған 2004 жылдары облыс бойынша тілдің көрсеткіші 16-ақ пайыз еді. Бүгін 100 пайызға жуық. Қаншама тілдік шаралар ұйымдастырылды. Әсіресе, елдің көңілінен шыққан «Мемлекеттік қызмет және мемлекеттік тіл», «Нұрлы көш және Нұрлы тіл», «Тағзым», «Сәрсенбінің сәтінде» тағы басқа көптеген жобалары бар. «Облыс ономастикасы», «Толғауы тоқсан қызыл тіл» тағы басқа тілдік-танымдық кітаптар шығаруға ұйтқы болды. Республикада теңдесі жоқ Талдықорғандағы Тіл сарайы да - А.Кендірбекұлының төл жобасы. Облыс әкімі Серік Әбікенұлы Үмбетов қатты қолдап, сол сарайды салып берді, қазір рухани ордаға айналды. Қазіргі кезде облыстық «Жетісу телеарнасында «Ұлт пен Рух» атты тағылымды хабар жүргізуде.
А.Кендірбекұлыбес жылға жуықАстана қаласында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінде басқарма бастығы болып қызмет атқарды. Министрлікте де туған тілімізді өркендетуге белсене араласты. 9 пайыздан өзі кеткенше тілдің қуатын 90 пайызға жеткізді. Бұл салада тұңғыш рет 3600-ден астам төтенше жағдайлар терминін жинақтап, кітап шығарды. Оның ұйымдастырумен көрнеті ақын Фариза Оңғарсыновамен, қоғамтанушы Мұрат Әуезовпен, «Қызылағаш сын сағатта» кітабының авторы Парламент депутаты Серікбай Нұрғисаевпен кездесулер ұйымдастырылды. «Құтқарушы қырандар» атты төтеншіліктердің жанкешті еңбегін көрсететін кітап шығарды. Төтеншеліктердің гимнінің сөзін жазды.
Ол мемлекеттік қызметпен қатар шығармашылық жұмыспен де айналысады. Автордың қаламынан «Ойтұмар», «Көкпар», «Зер», «Өмір. Өмір», «Жылдар сөйлейді», «Қос қағыс», «Бесін», «Қарашада өмір тұр» атты жыр-эссе кітаптары туған. Ақынның сөздеріне жиырма шақты ән жазылған.
Ахмет Кендірбекұлы – «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері», «Үздік мемлекеттік қызметші», «Төтенше жағдайлар саласының үздігі» төсбелгілерінің иегері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Халық қаһармандары жылының лауреаты. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен және 12 мерейтойлық медальдармен наградталған, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, Елбасының Алғыс хатымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 3 мәрте Құрмет грамотасымен және Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен марапатталған. Алматы облысының және Алакөл ауданының Құрметті азаматы.
Отбасылы. Жұбайы Раушан Құрманғалиева, Қаз ПИ-дің филология факультетін бітірген. ҚР білім саласының үздігі, Халықаралық «Дарабоз» әдеби сыйлығының лауреаты, «Біз екеуміз», «Қыз он беске толғанда», «Ақ Жайықтың Аманайлары» кітаптарының авторы. Ахмет екеуі балалар мен немерелер тәрбиелеуде.
ҚҰРМАНҒАЛИЕВА РАУШАН
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі. Республикалық балаларға арналған «Дарабоз» әдеби сыйлығының лауреаты.
Раушан Құрманғалиева 1955 жылы 7 қарашада Атырау қаласында туған. 1973 жылы қаладағы №13 Қазақстанның 50 жылдығы атындағы
орта мектепті бітірді. 10-сыныпта оқып жүргенде республикалық ауқымда ұйымдастырылған «Менің замандасым» шығармалар байқауында жүлделі екінші орынды иемденіп, арнайы дипломмен марапатталып, Алматы қаласында өткен Бүкілодақтық кітап апталығына қатысты.
Сол жылы Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түсті. Институт қабырғасында жүргенде студенттердің ғылыми конференцияларының бірнеше дүркін жеңімпазы болды, хатшылық жұмыс атқарды. 1977 жылы институтты үздік дипломмен бітіріп шықты.
40 жылға жуық педагогикалық еңбек жолында білімді де ізденімпаз мұғалім ретінде 5-7 сыныптарға қазақ әдебиетін тереңдетіп оқытуға арналған республикалық дәрежедегі ұжымдық бағдарлама авторларының бірі болды. Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясының ғылыми қызметкері Б.Әріновамен бірігіп, «Әдебиетті оқытудың үлгілері» атты 5-6 сыныптарға арналған әдістемелік құрал жазды.
1999 – 2004 жылдар аралығында Мемлекеттік білім стандарттары мен тестілеудің ұлттық орталығында қазақ тілі мен әдебиеті бойынша тестілерді алдымен құрастырушы, артынан сараптамашы болып еңбек етті. Мәскеулік профессор, педагогика ғылымының докторы В. С. Аванесовтың 56 сағат көлеміндегі "Оқушылар білімін тестілеудің теориясы мен методикасы" атты авторлық курсын 2001 жылы тыңдап, куәлік алып шықты.
2001 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми – педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру институты ұйымдастырған "Орта оқу мекемелерінде оқушылар білімін тестілеу технологиясының қорытындысы және оны жетілдіру" атты республикалық семинарда қазақ тілі мұғалімдері пәні секциясының жетекші модераторы болды.
Ол 2001 жылы Алматы қаласында ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына және Ы. Алтынсариннің 160 жылдығына арналған қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің "Жүзден – жүйрік" атты ІІІ Республикалық конкурсының өз деңгейінде өткізілуіне жүргізуші ретінде белсене ат салысты және Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Ақтөбе қаласында өткен «Әуезов әлеміне шақырамыз» атты республикалық конкурста баяндама жасады, Алматы қаласында ұйымдастырылған «Таңдаулы әуезовтанушы мұғалім» байқауына қатысып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын иеленді. Алматы қаласындағы Жәутіков атындағы физика-математикалық мектепте, қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын № 2 орта мектеп-интернатта, №123 орта мектепте ұстаздық еңбек етті, сол кездегі тәжірибесі республикалық теледидар арқылы таратылды.
Ұзақ жылдар бойы Талдықорған қаласындағы Білім бөлімінде әдіскер болып, жас мұғалімдерді ұстаздық жолға тәрбиелеп, тәжірибелі мамандардың еңбегін тарату жолында табысты еңбек етті.
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі. Төрт мәрте Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған, 2004 жылғы мұғалімдердің республикалық ІІІ сьезінің делегаты болды. Оқушылары бірнеше рет қалалық, облыстық, республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері болып, алтын медаль иегерлері атанды.
Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы мұражайдың ғылыми зерттеу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Ол кездегі жазған зерттеу мақалалары 2015 жылы Астана қаласында шыққан «Сыр сандық» жинағының І томына енгізілді.
Раушан Құрманғалиева «Біз екеуміз», «Қыз он беске толғанда», «Әбілмәжін әулеті», «Ақ Жайықтың Аманайлары», «Арқат пен Жезтырнақ ханшайым» кітаптарының авторы. Сонымен бірге «Жетісудың жеңімпаз жауынгерлері», «Жыр арқауы – ұлы Жамбыл», «Қасиет те, өсиет те қарттарда» кітаптарының құрастырушысы. Республикалық басылымда жарық көрген «Сырты сүйкімді, іші бір түрлі», «Сарайшық. Секеркөл. Сара.», «Мұражайға барасыз ба?», «Ашаршылық ақиқаты», «Абай мен Ілияс үндестігі», «Тест тапсырмаларының композициясы», «Мұғалімдер сьезі және мен» т.б. мақалалардың авторы.
Республикалық балаларға арналған «Дарабоз» әдеби сыйлығының 2007 жылғы лауреаты. Республикалық «Балаларға арналған үздік ертегі» номинация бойынша 2017 жылғы жеңімпаз.
УЛТАЙ АХМЕТЖАНОВНА ЖАНПЕЙС
Доктор педагогических наук, профессор. Академик Международной академии наук педагогического образования (МАНПО). Почетный работник образования Республики Казахстан.
Ултай Ахметжановны, доктора педагогических наук, профессора, академика Международной академии наук педагогического образования (МАНПО) хорошо известно учителям школ, преподавателям вузов и ученым-методистам нашей республики. За её плечами – путь вдохновенного служения в подготовке педагогических и научных кадров; разработке содержания, методов и приемов обучения русскому языку как второму в системе среднего и высшего образования; создании учебников нового поколения для общеобразовательных школ с нерусским языком обучения.
Выпускница КазПИ имени Абая (1972 -1976 гг.) сохранила верность этому благородному труду и своим учителям Х.А.Бекмухамедовой (научной руководитель по кандидатской диссертации), Н.С.Смирновой, Х.А.Адибаеву, М.А.Глазман, В.П.Бредихиной, Р.С.Сверчковой.
Ултай (Улбосын) Ахметжановна Жанпейс родилась 19 января 1955 года в городе Кызылорде. В 1976 году она с отличием окончила филологический факультет (русско-казахское отделение) КазПИ имени Абая. Начала свой жизненный путь, работая учительницей русского языка и литературы в сельской школе поселка Жанакорган Кызылординской области (1976-1979 гг.). В 1979 году поступила в аспирантуру Научно-исследовательского института им.Ы.Алтынсарина (Алматы). В 1985 году защитила кандидатскую диссертацию по методике преподавания русского языка. С 1982 года работала старшим научным сотрудником НИИПН и в этот период принимала активное участие в создании программ по русскому языку для общеобразовательных школ республики. С 1986 по 2009 годы –старший преподаватель, доцент, зав.кафедрой методики преподавания русского языка и литературы КазНПУ им.Абая.
В 1999 году успешно защитила докторскую диссертацию по специальности 13.00.02 – Теория и методика обучения и воспитания (русский язык в системе начального, среднего и высшего образования). В ноябре 2009 года была избрана по конкурсу зав.кафедрой русского языка Казахского национального медицинского университета им. С.Д.Асфендиярова, где и работает по настоящее время профессором.
Круг исследовательских интересов ее широк. Профессор Жанпейс У.А. имеет более 200 научных работ: монографий, учебников, школьных программ по русскому языку, типовых учебных программ по методике преподавания русского языка для педвузов, учебных словарей активного типа, методических пособий и др. Она является автором действующих учебников по русскому языку для 5-7, 10 классов школ с казахским, уйгурским, узбекским языками обучения; учебных тематических двуязычных словарей, вошедших в число победителей конкурса «Учебная книга» по линии «Фонд Сорос-Казахстан» (2005); учебных пособий, методических разработок для студентов педагогических и медицинских вузов.
Многие учебники и учебные пособия, созданные Ултай Ахметжановной, стали настольными книгами учителей-практиков общеобразовательных школ и преподавателей вузов. Таковы, в частности «Система работы по обогащению словаря учащихся 5-7 классов казахской школы» (1988), «Лексический аспект обучения русскому языку в казахской школе» (1997), «Методика русского языка в схемах и таблицах» (1998), «Тематико-ситуативный минимум по русскому языку для школ с казахским языком обучения» (1998), «Лексика русского языка в лингводидактическом аспекте» (Москва, 2012).
В образовательной системе республики успешно используются «Русско-корейский словарь» (в соавторстве с Хён Вон Сук, 2001), «Русско-казахский тематический словарь» (2008; 2011), вузовские учебные пособия «Методика преподавания русского языка в модулях» (2005), «Методика изучения лексики и фразеологии русского языка» (2006), «Методика изучения морфемики и словообразования» (2007), учебные пособия для студентов первого курса медвузов «Русский язык -1» (2013), «Русский язык-2» (2013), «Русский язык» (в соавторстве с Н.А.Озекбаевой, Р.Д.Даркембаевой; Москва:Литтера, 2015).
В настоящее время профессор Жанпейс У.А. принимает участие в разработке новых учебников по интегрированному предмету «Русский язык и литература» для общеобразовательных 12-летних школ с нерусским языком обучения. Авторский коллектив (Жанпейс У.А., Озекбаева Н.А.) создал инновационные учебники для 5, 7 классов (Алматы: Атамұра, 2017). Под ее руководством подготовлены учебник по русскому языку и литературе для 6 класса (Жанпейс У.А., Есетова А.Т., Озекбаева Н.А., Ерболатова А.А.; Алматы: Атамұра, 2018), учебник по русскому языку и литературе для 8 класса (Жанпейс У.А., Озекбаева Н.А., Даркембаева Р.Д., Атембаева Г.А.; Алматы: Атамұра, 2018).
Профессором У.А.Жанпейс по специальности 13.00.02 – Теория и методика обучения и воспитания (русский язык в системе начального, среднего и высшего образования) подготовлено 27 кандидатов наук (Озекбаева Н.А., Даркембаева Р.Д., Майбалаева А.А., Шункеева О.А., Мизанбеков С.С., Хён Вон Сук, Тогжанова Л., Низамова М.Н., Есетова А.Т., Садыкова М.А., Аубакирова С.Т., Акбембетов Б.Е., Ергешбаева Ш.Н., Якубаева К.С., Мадиева Г.Б., Кожабекова Н.А., Балмагамбетова Н.К., Сарсенова Д., Смирнова Ю.Г., Айсабай Г.К., Биназарова М.М., Чаканова С.Д., Сиымова А., Тогжанова Г., Куспаева Р.Б., Бейсекеева Б., Пак Т.) и 3 доктора наук (Мурзалинова А.Ж., Чингисова А.А., Цой А.А.) не только для вузов Казахстана, но и дальнего зарубежья (Хён Вон Сук, Южная Корея; Айсабай Г.К., Германия).
За большой и неоценимый вклад в развитие казахстанской лингводидактики доктор педагогических наук, профессор, академик МАНПО Ултай Ахметжановна Жанпейс удостоена звания «Ведущий ученый Республики Казахстан» и награды «Почетный работник образования Республики Казахстан» (2005).
Ақыш Нұрдәулет Бабиханұлы
Жазушы, әдебиеттанушы ғалым әрі әдебиет сыншысы. Құрмет» орденінің иегері. Халықаралық «Жамбыл» сыйлығының жүлдегері.
1950 жылы 15-маусым күні Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданындағы Покровка (қазіргі Маңырақ) ауылында өмірге келген. Жоғары білімді. 1969-1973 жылдар арасында Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетінде оқыды. Ұзақ жылдар бойы газет-журнал редакциялары мен баспа саласында, Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясында еңбек етті. 2002 жылдан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында жұмыс жасауда. Қазіргі таңда осы институттың Қазіргі қазақ әдебиеті және көркем публицистика бөлімінің бас ғылыми қызметкері.
Республикалық баспасөзде алғаш рет 1972 жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде «Қиянда» атты әңгімесімен көрінген Нұрдәулет – бүгінгі таңда оннан астам көркем әдебиет кітаптары мен бірнеше ғылыми еңбектің авторы.
Көркем шығармаларының ішінде оқырмандар мен әдебиет сыншыларының назарын аударған шығармалары да баршылық. Атап айтқанда, «Күрмеуі қатты түйіндер», «Үндемейтін ұл», «Таң алдындағы дабыл», «Ұлы ғарыштар ұрпағы», «Жатақхана қыздары», «Ұры қыздың тағдыры», «Қадірсіз қоңыр», «Нағыз әже қайда?», «Бұрынғы бастықтың әйелі», «Мұңды жанардың сәулесі», «Дон-Жуанның қалыңдығы», «Көнбіс бәйбіше», «Жұмыс іздеген қыз» және басқа да көптеген әңгімелері сияқты әңгіме-повестері замандастар бейнесін әр қырынан аша білуімен қазақ прозасына белгілі бір үлес болып қосылды.
Бұлардағы басты көркемдік шешім жеке адам мен қоғам арасындағы қайшылықты жағдайларды ашып көрсету, астарлы тосын идеялар арқылы көрініс тауып отырады. Қай тақырыпқа арналса да, жазушының шығармалары жинақылығымен, ойының айқындығы және сюжетінің тартымдылығымен әдебиеттегі көркемдік талаптарының деңгейінен шығып жүр. Жазушы Кеңес өкіметі жылдары Мемлекеттік баспа комитеті мен «Жалын» баспасы жыл сайын бірігіп ұйымдастырып тұрған жабық әдеби конкурстың бірнеше дүркін жүлдегері атанған.
«Таң алдындағы дабыл», «Саяқ жауынгер» атты повестері арқылы әскери тақырыпқа қалам тербеген санаулы қазақ жазушыларының бірі. Әңгімелері мен повестерінде, негізінен, замандастардың қилы тағдырлары, тосын образдары қызықты оқиғалар мен міне-құлық қақтығыстары арқылы жасалады.
Сондай-ақ тарихи тақырыпқа да қалам тартып, «Рақымсыз көктем», «Қалмақтан қашқан Қыстаубай» тәрізді туындыларын өміре әкелді. Н.Ақыш – өзіндік жазу машығы, стилі қалыптасқан жазушы. Оның туындыларының тілі әдеби тіл нормасына толық сай келіп қана қоймай, көркем прозаның тілін түрлендіру бағытындағы сипатымен де ерекшеленеді. Қай шығармасының да эстетикалық қуатын арттыра түсетін көркемдік факторлардың бірі – сәтті табылған бейнелі сөздер мен сөз тіркестері. Жазушының прозалық шығармалары белгілі бір ойға құрыла отырып, шымыр жазылуымен назар аударады.
Қаламгер жемісті еңбек етіп келе жатқан саланың бірі – әдебиеттану мен әдеби сын. Оның туған әдебиетіміздің көкейкесті мәселелерін қозғаған сын мақалалары қазақ баспасөзінде үнемі жарияланып келеді, бірнеше жинақтарға енгізілген.
Н.Ақыш, сонымен бірге, бүгінгі әдеби үдерістерді зерттеуге белсене ат салысып жүрген әдебиеттанушы ғалым әрі әдебиет сыншысы. «Қазақ әдебиеті тарихы» академиялық көп томдығының 8-9-томдарын жазысқан авторлардың бірі. Өзі еңбек етіп жүрген институт шығарған бірсыпыра ғылыми-зерттеу кітаптарын, ұжымдық монографияларды жазуға ат салысты. Қазіргі таңда қазақ романдарын тарихын ұлттық тәуелсіздік идеясы тұрғысынан зерттеп, ғылыми айналысқа түсірумен шұғылданып жүр. Қазақ мемуарлық романдарын жүйелі түрде қарастырып келе жатқан зерттеушілердің қатарында.
Жарық көрген кітаптары:
Көркем шығармалары: «Жұмбақ іздер» (1980), «Үндемейтін ұл» (1982), «Қиырдан келген көгершін» (1984), «Сынық домбыраның сазы» (1986), «Таң алдындағы дабыл» (1987), «Необыкновенное лето» (1989), «Жатақхана қыздары» (1990), «Ұры қыздың тағдыры» (2001), «Алтынбек, балалық шағы» (2003), «Текті әулеттің тұлғасы» (2008), «Бейуақта жанған от» (2010), (2010), «Момақан қыз» (2011), «Екі томдық таңдамалы шығармалары» (2011) ), «Рақымсыз көктем» (2016) сынды оннан астам көркем әдеби кітаптарының авторы.
Ғылыми-зерттеу еңбектері: «Зұлмат жылдары қазақ прозасында» (2005), «Қазақ мемуарлық романы» (2011), «Замана рухы» (2013).
Н.Ақыш – «Құрмет» орденінің иегері, жастардың «Жігер» фестивалінің, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі конкурсының, халықаралық «Жамбыл» сыйлығының жүлдегері, Шығыс Қазақстан облысы,Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы. 1985 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, 2009 жылдан филология ғылымдарының докторы.
Жазушы шығармашылығы жайында пікір білдіргендердің арасында Б.Соқпақбаев, С.Сейітов, Ә.Нұршайықов, О.Сәрсенбай, Ә.Кекілбай сияқты танымал тұлғалар да бар.