ҚАЖЫМ (ҚАЖЫҒАЛИ) ЖҰМАЛИЕВ
Филология ғылымдарының докторы, профессор.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі
Қажым (Қажығали) Жұмалиев Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің (бұрынғы ҚазПИ-дің) «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша 1927-1932 жылдары жоғары білім алды. 1937-1968 жылдары Абай атындағы ҚазПИ-дің Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметі бойынша ғылыми-педагогикалық қызмет істеді.
Академик Қажым (Қажығали) Жұмалиевтің ғылыми ізденістерін құрайтын басты салалары:қазақ фольлортануы, қазақ әдебиетінің тарихы (XVIII-XX ғасырлар), әдебиет теориясы, абайтану мәселелері, ауызша және жазбаша поэзияның поэтикалық үндестігі мен өзгешеліктері.
Академик Қажым (Қажығали) Жұмалиев ғылыми мектебінің ғылыми-теориялық сипатын танытатын іргелі еңбектері:
- Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. 8-9-10-кластарға арналған оқу құралы. – Алматы, 1938-2007 жж.
- Жұмалиев Қ. Махамбет Өтемісұлы (1804-1846): Махамбеттің өмірі мен шығармалары туралы көпшілікке арналған ғылыми еңбек. – Алматы, 1948.
- Жұмалиев Қ. Қазақ эпосы және әдебиет тарихының мәселелері: Монография. – Алматы, 1960, 1-том.
- Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі: Монография. – Алматы, 1960, 2-том.
- Жұмалиев Қ. XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдебиеті: Жоғары мектеп студенттеріне арналған оқулық. – Алматы, 1967.
- Жұмалиев Қ. Стиль – өнер ерекшелігі: Монография. – Алматы, 1966.
Академик Қажым (Қажығали) Жұмалиевтің ғылыми жетекшілігімен докторлық диссертациялар қорғағандар:
Е.В.Лизунова (орыс), А.И.Харисов (башқұрт), К.Р.Рсалиев (қырғыз), Н.Т.Сағитов (қарақалпақ), Н.Ж.Жапақов (қарақалпақ), Файзолла Оразаев, Бисенғали Наурызбаев.
Академик Қажым (Қажығали) Жұмалиевтің ғылыми жетекшілігімен кандидаттық диссертациялар қорғағандар:
Төкен Әбдірахманов, Мекемтас Мырзахметов, Задан Жұмағалиев, Әсия Тілегенова, Сейфолла Құспанов, Сәбира Тойшыбаева, Зейнолла Серікқалиев, Шәмшат Әлібек, Құрбан Тоқтамов (ұйғыр), Қалимолла Мырзағалиев, Қуандық Жүсіпов, Бәзілжан Асылжанов, А.Ламашев, Мекерия Атымов.
Академик Қажым (Қажығали) Жұмалиевтің шығармашылығы бойынша кандидаттық диссертациялар қорғағандар:Руда Зайкенова. Тақырыбы: «Қажым Жұмалиев еңбектеріндегі әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелері» (1989). Қазір Р.Зайкенова Қазақтың мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.Азамат Ыбырайұлы Мамыров. Тақырыбы: «Қажым Жұмалиев – эпостық жанрдың түрлерін зерттеуші» (2006). Қазір А.Ы.Мамыров Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты.
СЕРІК ҚИРАБАЕВ
Филология ғылымдарының докторы, профессор.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі
СерікҚирабаев 1927 жылы 23 наурызда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының Атасу ауылында дүниеге келді. 1951 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін, 1952 жылы аспирантурасын бітіреді. С. Қирабаев өзінің еңбек жолын 1951 жылы Қазақ Мемлекеттік көркем әдебиет баспасында аға редакторлықтан бастады, 1951-1952 жж. − «Әдебиет және өнер» (қазіргі «Жұлдыз») журналының бөлім меңгерушісі, 1952-1955 жж. – «Пионер» журналының редакторы, 1955-1958 жж. − «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, 1958 ж.− Қазақстан Компартиясы ОК-ның үгіт– насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1958-1988 жж. – Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының аға оқытушысы, доцент, профессор, филология факультетінің деканы, оқужөніндегі проректоры, 1988-1995 жж. – М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, 1995 жылдан қазақ әдебиеті бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Жастарға ілтипат пен талап қоя білу, таланты жастарды қолдау, жоғарғы буын зиялыларының озық дәстүрлеріне өз шәкірттері мен ізбасарларын тәрбиеледі.Отыздан астам монография, жиырмаға жуық оқулық, жеті жүзге жуық мақалалар қазақ әдебиеттану ғылымының әдебиет тарихы, әдебиет теориясы, әдеби сын, мәтінтану, әдеби байланыс, салыстырмалы әдебиеттану, көркем аударма, балалар әдебиеті сияқты негізгі салаларын толық қамтиды.
Сыншы, әдебиеттанушы және ұстаз С.Қирабаев шәкірттері: 15 доктор, 35 кандидат, 52 кандидат, докторға оппонент болған. Б.Әбдіғазиұлы, Г. Елеукенова, Қ.Ергөбек, Ж. Задан,Т.Жұртбаев, Б. Ибраимов, А. Исмакова, Д.Қамзабекұлы, С.Сүтжанов, Ә. Тарақов, Р.Тұрысбек, Т. Рақымжанов, С.Ізтілеуова, Н.Ақыш, Г.Орда тәрізді ғалымдардың докторлық жұмыстарына кеңесші болған. М.Аргынбаева, Н.Ақыш, Б.Әбдіғазиұлы,X.Ахметова, Р.Әлмұханова, Б.Баймұсаева, Б. Базылова, А.Болсынбаева, Қ.Ергөбек, М.Ермақанова, 3.Жантекеева , Қ.Жолдасов, А.Зейнуллина, А.Ибраева, Т.Ибрагимов, Ш.Кененов, Ә.Қайырбеков, М. Кұрманов, Ә.Ламашев, Қ.Лекеров, С.Мақпырұлы, А.Менжанова, Б.Мынатаев, Д.Мыңбаев, П. Оразаев, Ө. Өтегенова, Т.Сыдықов, А.Тамаев, К. Таңқыбаева, Ф.Фаткуллин, М.Хамзин, Р.Юсупов, Т.Шапаев, Г.Шөмшекова, А.Болсынбаева, С. Ертай кандидаттық жұмыстарға жетекшілік еткен.
Атақ-марапаттары: Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1977), КСРО Халық достығы ордені (1987), Ы.Алтынсарин медалі (1987), Қырғыз Республикасының Жазушылар одағының мүшесі (1994), Қырғыз Республикасының Еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1995), Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 65 жыл мерекелік медалі (2010), ҚР- ның тәуелсіздігіне 10 жыл мерекелік медалі (2001), Тыңға 50 жыл (2004), М. А. Шолоховтың 100 жылдығына арналған медаль (2004), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағы (2005), Отан ордені (2007), ҚРҰҒА ның үлкен алтын медалі (2011), 2 дәрежелі Барыс ордені (2012), Гумелев атындағы күміс медаль (2013), Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 70 жыл мерекелік медалі (2015).
Рәбиға Сыздық
Түркітанушы ғалым, көрнекті тіл маманы, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Түркия «Dil korumu» лингвистикалық қоғамының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері.
Сыздық (Құтқожина) Рәбиға Ғалиқызы (әкесінің толық аты –Сәтіғали) 1924 жылдың 17 тамызында Ақтөбе облысының Ойыл қалашығында, қызметкер отбасында дүниеге келді.
Рәбиға Сәтіғалиқызы еңбек жолындағы алғашқы қадамын 1940 жылы Ақтөбе облысының Алға стансысындағы бастауыш мектепте ұстаздық етуден бастады. 1942-1945 жылдары Темір каласындағы орта мектепте мұғалім, педучилищеде оқытушы болды. Абай атындағы Қазақ педагогика институтын бітірген соң (1945-1947), осы институттың аспирантурасында оқыды (1947-1951). 1951-1957 жылдары Қазақтың оқу-педагогика баспасында (кейінгі «Рауан»баспасы) редактор, редакция меңгерушісі болып қызмет етті. Р.Сыздық 1957 жылдан Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясында әуелі кіші ғылыми қызметкер (1957-1961), кейін аға ғылыми қызметкер (1967-1980), бөлім меңгерушісі (1961-1967; 1980-1994) болып жемісті қызмет етті. Қазір осы институттың бас ғылыми қызметкері.
Р.Сыздық 1959 жылы «Абай қара сөздерінің негізгі морфологиялық ерекшеліктері» деген тақырыпта кандидаттық, 1971 жылы «Абай шығармаларының тілі» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. 1979 жылы ғалым Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі болып сайланды.
Профессор Р.Сыздықтың жан-жақты және ауқымы мол ғылыми-зерттеу еңбектерінің негізгі арқауы – казақ тілінің, түркітану ғылымының өзекті мәселелері. Әсіресе солардың ішінде ғалымның ұзақ жылдар бойы үзбей қалам тартып, жете зерттеген саласы – казақ әдеби тілі тарихының мәселелері.
Міне, сондықтан проф. Р.Сыздықтың «Абай шығармаларының тілі» (1968) деген көлемді ғылыми монографиясы – ұлы ақынның тілін лингвистикалық тұрғыдан қарастырған еңбек қана емес, сол кезеңдегі, синхрондық бөліктегі әдеби тілдің негізгі ерекшеліктері мен басты сипаттарын айқындаған іргелі зерттеу. Осы еңбегі үшін ғалымға ҚР Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығы берілді (1995).
Қазақ әдеби тілін қалыптастырып, дамытудағы ұлы ақынның үлесі мен орнын айқындай отырып, лексика-морфологиялық ерекшелігін жан-жақты терең зерлей келе зерттеуші XIXғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілінің жай-күйін ашады. Поэзия синтаксисіне Абай енгізген өзгешеліктер мен жаңалықтарды ашқан, оған нақты талдаулар жасаған ғалымның «Абай өлеңдерінің синтаксисі» (1970) деп аталатын монографиясы қазақ тіл білімінде өлең синтаксисін алғаш зерттеген, оның құрылым-құрылыстарына тән негізгі белгілерді көрсеткен бірден-бір әрі бірегей еңбек болды.
Абай тілін жүйелі түрде зерттеудегі ғалымның «Абайдың сөз өрнегі» атты үшінші кітабында ұлы ақынның поэтикалық тілі, көркемдік сипаты, көріктеу құралдарының тілдік механизмі сөз болып, Абайдың тіл көркемдігін танытудың кілті бұрын-соңды айтылып келген пікірлер мен еңбектерден басқаша бұраумен ашылады, қазақ тілінің поэтикасы жөнінде соны талдаулар мен жаңа ой-тұжырымдар айтылады. Аталмыш еңбек 1995 жылы ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойына орай жарық көрді. Сондай-ақ «Абай энциклопедиясында» ұлы ақынның тілі мен стиліне қатысты көлемді ғылыми-теориялық мақалалар топтамасын берді. Абай тілін жан-жақты зерттеген осы еңбектері үшін ғалым ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері болды (1996).
Р.Сыздық қазақ әдеби тілінің тарихын жеке үлгілер арқылы ғана емес, біртұтас түрде зерттеуді сонау 60-ыншы жылдардың өзінде қолға алған болатын. Осының нәтижесінде проф. М. Балақаев, Е. Жанпейісовпен бірлесіп жазған «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (1968) жарық көрді. Осы аталған оқу құралының «XVIII-XIXғасырлардағы қазақ әдеби тілі» деген сүбелі тарауы проф. Р.Сыздықтың қаламынан шықты.
Р.СыздықXV-XVIIIғасырлардағы ақын-жыраулардың тілін арнайы талдай келіп, олардың шығармаларын «әдеби тілдің жазбаға дейінгі кезеңіне жататын үлгілер» деп таниды. Ал бұл кезеңде қызмет еткен тілді «жазба дәуірге дейінгі ауызша әдеби тіл» деп, терминологиялық мазмұн беріп атайды. Сөйтіп, әдеби тіл өзінің нормалық қасиетін тек жазу арқылы ғана орнықтырмайды, ауызша сөз қолданыс (ауызекі тараған өлең-жырлар, шешендік сөз үлгілері, ауызша шежіре т. б.) арқылы бекіте, жетілдіре түседі. Әсіресе, әдеби тіл нормаларын калыптастыруда ақын-жыраулар шығармаларын бұлжытпай жатқа айтып, жұртқа тарататын жыршылық мектеп өкілдерінің орнын зерттеуші айрықша бағалайды. Осы еңбекте («XVIII-XIXғасырлардағы қазақ әдеби тілінің тарихы», 1984) және оның көлемі толықтырылған, мазмұны тереңдетілген екінші басылымы – «Қазақ әдеби тілінің тарихы (XV-XIXғ.)» деп аталатын кітабында (1993) алғаш рет, бір жағынан, ауызша әдеби тіл үлгілерінің, яғни XV-XVIIIғасырлардағы ақын-жыраулар шығармалары тілінің фольклор тілімен ортақ белгілерінің болу себептері ашылса, екінші жағынан, олардың өзіне тән айырмалары мен белгілері саралана түседі.
Профессор Р.Сыздықтың түркітану саласындағы зерттеулері, бір жағынан, казақ тілінің тарихы, қазақ әдеби тілінің тарихымен ұштасып жатады. Солардың ішінде зерттеушінің «Язык Жами'ат-тауарих Жалаири» (1989) деген монографиясын ерекше атауға болады. Тарақ таңбалы жалайыр руынан шыққан Қадырғали бидің жылнамалары туралы арғы-бергі кезеңдердегі зерттеулерге сын көзімен караған автор бұл ескерткіштің лексика-грамматикалық құрылымына талдау жасай отырып, алдымен ондағы оғыз, қыпшақ тілдеріне ортақ элементтерді саралайды, оны туыстас тілдердің дерегімен салыстырады. Ескерткіш тіліндегі әр текті тілдік белгілерді талдай келіп, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, салт-дәстүріне орай қалыптасқан, өзге туыстас тілдерде қайталамасы жоқ қазақы сөз өрнектерін айқындайды. Сонымен, бұл еңбекте Қадырғали Жалайыридың «Жами'ат-тауарихы» тілдік жағынан да, рухани мәдениет жағынан да қазақ халқының байырғы дәуірінен қалған мұра екені ғылыми тұрғыдан жан-жақты дәлелденеді.
Р.Сыздықтың тарихшы ғалым М.Қойгелдиевпен бірге жазған «Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы» деген кітабы 1991 жылы жарық көрді. Студенттер мен аспиранттардың, ізденушілердің пайдалануына лайықтап жазылған бұл еңбекте XVIғасырдағы қазақ авторының шығармасы тарихи және тілдік тұрғыдан кеңінен баяндалады.
Р.Сыздық түркі тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің тарихына хронологиялық тұрғыдан әрі қарай жылжып, көп жылдардан бері Қожа Ахмет Ясауи (XIIғ.) мұрасының «Самарқан немесе Залеман нұсқасы» деп аталатын қолжазбасы бойынша оның тіліне лексика-грамматикалық, көркемдік және текстологиялық талдау жүргізді. Әлеуметтік мәні аса жоғары бұл еңбек ҚР Ақпарат және Қоғамдық келісім министрлігінің қолдауымен 2004 жылы «Ясауи «Хикметтерінің» тілі» деген атпен жарық көрді.
Р.Сыздық әдеби тіл тарихын, ортағасырлық жазба ескерткіштер тілін зерттеумен қатар, тарихи лексика мәселелерін де арнайы қарастырып келеді. Ғалымның «Сөздер сөйлейді» (1980, 1994) деген еңбегі – осы саладағы ізденістің нәтижесі. Тарихи лексикология бойынша бірден-бір оқу құралы болған бұл еңбек бірнеше рет толықтырылып, өңделіпжарық көрді. Кітапта тарихи, лиро-эпостық жырларда, ақын-жыраулар тілінде, тұрақты тіркестер құрамында, мақал-мәтелдерде кездесетін көне сөздердің байырғы мағыналары, түп-төркіні ашылып, семантикалық өзгерістеріне талдау жасалады. 2014 жылы тоқсанға келген абыз анамыз «Ауызша дамыған қазақ әдеби тілі» атты монографиясын ұсынды. Аталмышеңбек тіл мамандары ғана емес, байырғы көркем мұраларды сүйсіне оқитын жұртшылық үшін де бағалы зерттеудің бірі болды.
Р. Сыздық лингводидактика саласындағы жұмыстарға ерте кезден араласып, оқулықтар мен оқу құралдарын жазып, бағдарламалар түзді. Атап айтқанда, ол орыс мектептерінің жоғары сыныптары үшін «Қазақ тілі» оқулығын (1952-1953), «Үлкендерге арналған әліппені» (1958, 1963), «Ересектерді оқытудың программасын» (1958), университеттер мен институттарда «Қазақ әдеби тілі тарихын оқытудың программасын» (1965, 1969, 1975) жазысуға атсалысты.
Р.Сыздықтың ұзақ жылдар аса өнімді еңбек етіп, жемісті зерттеулер беріп келе жатқан саласы – тіл мәдениеті мен қолданбалы лингвистика. Бұл ретте ғалымның шешендік сөз туралы, сөз қолданыс пен әдеби норма т. б. мәселелерге арналған бірқатар теориялық зерттеулері ғылыми жинақтарда («Жазушы және сөз мәдениеті», Алматы, 1983; «Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі», Алматы, 1987 т. б.), ғылыми журналдарда жарияланды. Сонымен қатар тілдік нормаға арналған «Тілдік норма және оның қалыптануы» (2001) деген атпен жеке монографиясы қазақ тіл білімінде норма мәселесін теориялық тұрғыдан арнайы сөз еткен тұңғыш ізденіс болды.
Сонымен бірге жұртшылықтың тіл мәдениетін көтеретін, қоғамдық-мәдени өмірде орны ерекше саналатын практикалық құралдар («Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі», 1960, 1974, 1988, 2001) жазуға қатысып, емле ережелерін жүйелеген («Қазақ орфографиясы мен пунктуациясы жөнінде анықтағыш», 1959, 1974, 1994, 2000), орфоэпиялық нормаларды тиянақтаған («Сөз сазы», Алматы. 1983, 1995, 2000) еңбектер жариялады. Бұлар – қазақ тілі нормаларын кодификациялауда өзіндік орны ерекше еңбектер саналады.
Р.Сыздықтың тікелей басқарып, белсене қатысуымен «Қазақ орфографиясы негізгі ережелерінің жаңа нұсқасы» жасалды. Негізгі ереженің жаңа редакциясы 1983 жылдың 25 тамызындаҚазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен бекітілді.
Р. Сыздық мерзімді баспасөз беттерінде тіл мәдениетінің көкейтесті мәселелерін көтерген, қоғамдық ойға қозғау салған аса көлемді мақалалар жариялаумен бірге, театр, теледидар, баспа ұжымдарында, газет-журналредакцияларында, жоғары оқу орындары мен орта мектептерде әдеби тіл нормаларын насихаттау, қалың көпшіліктің тіл мәдениетін көтеретін шараларды (ғылыми-практикалық конференциялар, әңгіме-дәрістер, дөңгелек үстелдер т. б.) өткізу тәрізді игі істерге ұйытқы болып, басшылық жасады.
Репрессияға ұшыраған аса көрнекті ғылым мен қоғам қайраткерлері, казақ тіл білімінің негізін қалаушы А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов сынды ғалымдардың өмірі мен ғылыми еңбектері туралы Р. Сыздық алғашқы болып, ғылыми очерк жазып, кітапшалар шығарды. Оның Қ.Жұбанов туралы «Ғалым-азамат» (1966, 2004), А.Байтұрсынұлы туралы «Ахмет Байтұрсынов» (1990) т.с.с. кітапшалары жұртшылыққа кеңінен мәлім.
Осындай игі істермен қатар Р.Сыздық Құдайберген Жұбанов, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлының ғылыми мұрасын жинастырып, баспаға әзірледі. Р.Сыздық пен Е.Жұбановтың редакциясымен Құдайберген Жұбановтың «Исследования по казахскому языку» (Алма-Ата, 1966, 362 с.); Р.Сыздық пен Ш.Сарыбаевтың редакторлық етуімен А. Байтұрсынұлының «Тіл тағылымы» (Алматы, 1992, 448 б.), Р.Сыздықтың бас редакторлығымен Халел Досмұхамедұлының «Таңдамалы» (Алматы, 1998) атты көлемді еңбектері жарық көрді.
Р.Сыздықтың жауапты редакторлығымен іргелі ғылыми монографиялар (Қ. Өмірәлиев «Қазақ поэзиясының жанры мен стилі», Алматы, 1983, 240 б.; X. Нұрмаханов «Сөз және шеберлік», Алматы, 1987, 288 б.; Б. Әбілқасымов «XIXғасырдың екінші жартысындағы қазақ тілі». Алматы, 1982, 224 б. т. б.), жекелеген ғылыми жинақтар («Жазушы және сөз мәдениеті», 1983, 152 б.; «Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі», Алматы, 1987 т. б.) және «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» (1988, 2001) жарыққа шықты. Сондай-ақ Р.Сыздық «Абай тілінің сөздігі» (1968), он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1974-1986) т. б. көлемді лексикографиялық еңбектерді редакциялау жұмыстарына қатысты.
Алғаш жарық көрген академиялық «Қазақша-орысша сөздіктің» жауапты редакторы ретінде ғалым (К.Ш.Хұсайыновпен бірге) қыруар уақыты мен күш-қайратын жұмсады. Әдеби тілдің лексика-фразеологиялық байлығын молырақ қамтып, ұлттық идиоматиканы екінші тілге дәлірек беруді көздеген бұл сөздік мемлекеттік тілді оқып үйренушілер үшін де, зерттеушілер үшін де, қазақ тіліне қызығып, ден қойған жұртшылық үшін де бағалы еңбек болды.